Салықтық шығындар туралы талдамалық есеп қалыптастыру қағидалары бекітілді
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Талдамалық есепте салықтық жеңілдіктердің тиімділігін және оларды одан әрі қолданудың орындылығын бағалау нәтижелері көрсетіледі. Сондай-ақ есепке салық саясатын, салықтық әкімшілендіруді және салық жинаудың тиімділігін талдау үшін пайдаланылатын салықтық алшақтық көрсеткіші енгізіледі.
Талдамалық есепті әзірлеу үшін салық және бюджеттік есептілік деректері, оның ішінде республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есептер, тиісті салаларға жетекшілік ететін уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтері, мемлекеттік органдардың ресми статистикалық, ведомстволық және өзге де деректері, цифрлық базалар, сондай-ақ уәкілетті органдар мен ұйымдардың сайттарында жарияланған ақпарат пайдаланылады.
Есеп жыл сайын жасалады
Талдамалық есеп кезекті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірлеу кезінде жыл сайын қалыптастырылады:
Уәкілетті мемлекеттік органдар ағымдағы қаржы жылының 1 маусымынан кешіктірмей уәкілетті органға өздері жетекшілік ететін салалар бойынша салықтық жеңілдіктерді мониторингілеу және бақылау жөніндегі мәліметтерді ұсынады.
Олардың ішінде:
- Үкімет белгілеген салықтық жеңілдіктерді қолданудың әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына қол жеткізу деңгейі туралы ақпарат;
- Қазақстан Республикасындағы салықтық жеңілдіктердің нормативтік, мақсатты және фискалдық сипаттамалары көрсетілген паспорттары;
- тиісті сала бойынша уәкілетті мемлекеттік орган қалыптастыратын салықтық жеңілдіктер туралы мәліметтер болуы тиіс.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган да 1 маусымнан кешіктірмей салық төлеушілер қолданған салықтық жеңілдіктердің көлемі, олардың бюджет кірістеріне әсері және салықтық жеңілдіктердің фискалдық тиімділігі көрсеткіштерін есептеу үшін қажетті басқа да мәліметтерді ұсынады.
Талдамалық есепті дайындау үшін уәкілетті орган тиісті мемлекеттік органдардан қосымша ақпарат сұрата алады. Мұндай ақпарат сұрау алынған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылуы тиіс.
Уәкілетті орган мемлекеттік органдар ұсынған мәліметтер, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның ақпараты, салық және бюджеттік есептілік, сондай-ақ ресми статистикалық және басқа да деректер негізінде талдамалық есепті қалыптастырады.
Дайын есеп ағымдағы қаржы жылының 1 тамызынан кешіктірілмей бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жолданады.
Салықтық жеңілдіктер қалай бағаланады?
Талдамалық есеп бірнеше кезең бойынша қалыптастырылады:
- базалық (референттік) салық режимінен ауытқуларды анықтау арқылы салықтық жеңілдіктерді айқындау;
- салықтық жеңілдіктерді оларды беру мақсаттарына қарай жіктеу;
- салықтық жеңілдіктердің тиімділігін және оларды одан әрі қолданудың орындылығын бағалау.
Бағалау кезінде:
- салықтық жеңілдіктердің фискалдық тиімділігі;
- олардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі;
- жеңілдіктерді одан әрі қолданудың орындылығы қаралады.
Сонымен қатар салықтық жеңілдіктер тиімділігі мен оларды одан әрі қолданудың орындылығын көрсететін жиынтық көрсеткіштер бойынша сараланады.
Есеп барысында:
- салықтық шығыстардың көлемі;
- салықтық әлеует;
- салықтық алшақтық есептеледі;
- алынған нәтижелерге талдау жүргізіледі.
Сондай-ақ талдамалық есептің құрылымы бекітілді.
Қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.