Атырауда аквамәдениет және биоалуантүрлілік жағдайына зерттеу жүргізілді

Өңірдегі балық шаруашылығының жай-күйіне және балық аулаудың қазіргі режиміне талдау жүргізілді.

Атырау облысы Қазақстанның ауқымды балық шаруашылық аумағы болып табылады. Облыстың балық аулаудағы үлесі еліміз бойынша жалпы кәсіпшіліктің 29%-н құрайды. Алайда, өңіріміз балық өсіру бойынша соңғы орындардың бірінде орналасқан. Балық өсіру үлесі жалпы қазақтандық өндірісінің 0,1% ғана құрайды, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Атырау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, облыс әкімдігінің тапсырысымен 2019 жылдың қазан айынан бастап «Казэкопроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Аквамәдениет және биоалуантүрлілік жағдайын зерттеу негізінде Каспий теңізінің және Жайық-Каспий су шаруашылық бассейні (Атырау облысымен шектеулес) балық ресурстарын молықтыру бойынша ғылыми негізделген шаралар мен ұсыныстарды әзірлеу» тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізілген.

Зерттеу жұмыстарының мақсаты - балық шаруашылығын дамыту және Атырау облысының және Каспий теңізі жанындағы акваториясындағы су айдындарындағы су жануарларының биоалуантүрлілігін сақтап қалу жөніндегі шараларды жасақтау, - деді Артур Сәдібекұлы.

Жұмыстарды орындау барысында облыстағы балық шаруашылығының ахуалына және биоалуантүрлілігіне талдау жасалды, және оылардың негізінде Жайық-Каспий бассейнінің биоресурстарын тұрақты пайдалану, аквакультураны дамыту және регионның гидробионттарының биоалуантүрлілігін сақтау жөніндегі негізделген шаралар нұсқалған.

Сонымен қатар, Жайық-Каспий бассейнінің су ресурстарының қазіргі жай-күйі зерттелді, су айдындарының гидрологиялық, гидрохимиялық және токсикологиялық көрсеткіштерінің көпжылдық динамикасына талдау жүргізілді, су ресурстарының негізгі проблемалары анықталды. Су ресурстарына теріс әсерді азайту, оларды қорғау және ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шаралар әзірленді,- деп түсіндірді Артур Сәдібекұлы.

Өңірдегі балық шаруашылығының жай-күйіне және балық аулаудың қазіргі режиміне талдау жүргізілді. Балық қорына зиян келтірместен кәсіпшілікті кеңейту бөлігінде нормативтік-құқықтық базаны нақтылау мүмкіндіктері қарастырылды. Жайық және Қиғаш өзендерінде, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауына іргелес кәсіптік аулаудың түр құрамы мен көпжылдық динамикасы зерттелді, олардың өзгеру заңдылықтары мен себептері анықталды. Су айдындары мен кәсіптік учаскелерге кәсіптік жүктеме есептелген. Қолданылатын аулау құралдарының сипаттамалары, аулау техникасы мен технологиясы келтірілген. Өңірде кәсіпшіліктің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолдары айқындалды, балық шаруашылығын дамытудың негізгі индикаторлары анықталды.

Кәсіпшілік балық (оның ішінде бекіре) популяцияларының көпжылдық өзгерістеріне зерттеу және талдау жүргізілді. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген балық түрлерінің жай-күйіне талдау жасалды. Каспий маңы аймағындағы балық шаруашылығы және аквакультура саласындағы халықаралық тәжірибе зерттелді.

Каспий өңірі мен Атырау облысындағы аквакультураның даму жағдайы зерттелді. Бассейндегі балық шаруашылықтары мен питомниктердің жұмысы қарастырылды. Өндірістің түрлері мен көлемі, қолданылатын өсіру технологиялары анықталған. Облыста аквакультура базасын кеңейту мүмкіндіктері көрсетілген.

Өңірдегі қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаға, сондай-ақ Жайық-Каспий бассейніндегі экологиялық жағдайға және ластанудың негізгі көздеріне талдау жүргізілді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға сипаттама беріліп, қорғалатын түрлердің қазіргі жағдайы бағаланды. Балық шаруашылығын дамыту және өңірдегі биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі негізгі халықаралық және Мемлекеттік бағдарламалар қаралды.

Өңірдегі балық саласы үшін кадрлар даярлау жағдайы зерттелді. Аквакультура және фермерлік балық шаруашылығы бойынша мамандарды даярлау бойынша жұмысты күшейту бойынша ұсыныстар берілді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылғы 4 маусымдағы Атырау облысының тұрғындарымен кездесу барысында балық шаруашылығы саласын қалпына келтіру бағытында шаралар қабылдау керек екендігін атаған болатын. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 27 ақпандағы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Ұзақпайұлы Маминнің Атырау облысына жұмыс сапары аясында балық шаруашылығын дамыту туралы көшпелі мәжілісте балық шаруашылығын дамытуға арналған жүйелі шараларды қабылдау қажеттілігін атап өтіп, бір қатар нақты тапсырмалар берген болатын.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: