"Еңбек" бағдарламасына биыл 430 мың адам қатысты

Б.Нұрымбетов Мәжілісте халықты жұмыспен қамту жайлы баяндады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында депутаттарға халықты кіріспен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс орындарын құру бойынша қолға алынған шаралар жайын жеткізді, деп хабарлайды zakon.kz.

Еңбекминінің басшысы өз сөзінің басында атап өткендей, коронавирус пандемиясы мен жаңа экономикалық жағдайда халықты жұмыспен қамтамасыз етуге ерекше басымдық беріледі. Бұл тұста Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы айрықша мәнге ие. Оны жүзеге асыру арқылы жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтыған халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын құруды қолдауға мүмкіндік туады.

"2017 жылдан бері бағдарламаға 2 миллионнан астам адам, оның ішінде биыл 430 мың адам қатысты. Бағдарламаның алғашқы бағыты бойынша 394 мың адамды үш компонент: техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, қысқамерзімді курстарда және де "Бизнес Бастау" жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қарастырылды. Екінші бағыт шеңберінде 111 мың адамға кәсіпкерлікті дамытуға көмек көрсетілді. Үшінші бағытта субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру және халықтың еңбек ұтқырлығын арттыру арқылы 598 мың адам жұмыспен қамтылды", - деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, микрокредиттер және гранттар беру арқылы өзін жұмыспен қамтыған және жұмыссыздар қатарынан кәсіпкерлерді қалыптастыру 153 мың тұрақты жұмыс орнын құруға септігін тигізді,оның ішінде микрокредит пен грант алушылар қосымша 42 мың жұмыс орнын құрды.

46 мың қатысушы 8 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде кредит алды. Оларға жеңілдікті жағдай жасалды - жылдық 6%-бен 7 жылға дейін. Микрокредит алушылардың саны үш жылда 2,5 есеге, қосымша жұмыс орындарының саны 5 есеге өсті. Алғаш рет микрокредит алушылардың 63%-ы өз бизнестерін ашты.

Грант мөлшері 200 АЕК-ті құрайды, қазір ол 555 мың теңгеге тең. 65 мың адам грант алды, оның 56 мыңы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлей бастады әрі сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне енді.

"Бағдарламаға қатысушылардың есебінен шағын және орта бизнес саласындағы жұмыспен қамтудың өсу үлесі 11%-ды құрайды. Экономикаға қосымша оң әсер шығарылатын өнімнің жылына шамамен 73,7 млрд теңгеге өсуімен бағаланады", - деді Біржан Нұрымбетов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау арқылы халықтың нысаналы топтары үшін мемлекет субсидиялайтын 586 мың уақытша жұмыс орны құрылғанын хабарлады.

Осылайша, жастар практикасы аясында білім беру ұйымдарының 115 мың түлегі жұмыспен қамтылды. Оның 54%-ы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, ал 40%-ы жоғары оқу орындарының түлектері. ЖОО мен ТжКБ-нің әрбір оныншы түлегі 69,5 мың теңге жалақы алып, осы қолдау шараларымен қамтылған. Практикадан өткен түлектердің жартысы оны өткен жерінде тұрақты жұмысқа орналасуда.

84 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасты, олар – негізінен көпбалалы аналар, мүмкіндіктері шектеулі, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдар, жетім балалар, зейнеталды жастағы адамдар. 12 айда 65,6 мың теңге орташа жалақының 35,6%-ы субсидияланады. Содан кейін 68%-ы тұрақты жұмысқа орналасады.

Үш жылдан астам уақыт ішінде қоғамдық жұмыстарға 387 мың адам жіберілді. Бұл белгілі бір себептермен өз бетінше бос жұмыс орындарына тұра алмаған азаматтар. Қоғамдық жұмыстардағы орташа жалақы 57,4 мың теңгені құрайды. Қоғамдық жұмыстарға қатысушылардың 61%-ының тек орта білімі бар, 75%-ы жұмыссыз, шалғай ауылдарда тұрады. Бұл адамдар тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін жұмыссыздар есебінен шығарылмайды.

"Жұмыс орындарын субсидиялау еңбек нарығындағы жағдайға жедел және икемді әрекет ету құралы ретінде танылды. Осы тетікті қолдана отырып жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кәсіпкерлікке тарту арқылы жалпы 739 мың жұмыс орны құрылды, оның 153 мыңы - тұрақты және 586 мыңы - уақытша. 2017 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде тұрақты жұмыс орындарының саны 7 есеге өсті", - деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.

Министр сонымен бірге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Еңбек" бағдарламасының құралдарын үнемі жетілдіріп отыратынын атап өтті.

"Мәселен, біз еңбек өтілі жоқ жастарды жұмысқа орналастыру үшін "Алғашқы жұмыс орны" жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Тағы бір бастама - "Ұрпақтар келісімшарты", бұл зейнеткерлікке шығатын мамандардың алты ай бойы өз тәжірибесі мен жұмыс орнын жаңа кадрларға "табыстауы". Біз сонымен қатар мүмкіндіктері шектеулі адамдардыатаулы жұмыспен қамтуды жүзеге асырамыз. Бұл ретте 3115 адам тұрақты жұмысқа, 6877 адам уақытша жұмысқа орналастырылды", - деді Біржан Нұрымбетов.

Еңбекминінің басшысы коронавирустықпандемиядан туындаған жаһандық дағдарыс жалпы әлемдік экономикаға айрықша әсер еткенін баса айтты. Барлық елдер экономикаға зардап шектіртпей адам өмірін құтқару сияқты қиындыққа тап болды.

"Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықты қолдау және экономиканы тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар кешенін қабылдады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан кірісті жоғалтқаны үшін бір ең төменгі жалақы мөлшеріндегі әлеуметтік төлем - 11 және 2 мамыр аралығындағы төтенше жағдай кезеңінде 4,6 миллион адамға, 5 шілде мен 17 тамыз аралығында карантинді күшейту кезінде 2,4 млн адамға тағайындалды. Шығыстардың жалпы сомасы 475 миллиардтан астам теңгені құрады. Халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде жұмыссыздарға азық-түлік-тұрмыстық жиынтық ретінде 2 АЕК көлемінде төлем жүргізілді. Мұндай төлемді наурыз-мамыр айларында 1 миллион адам, ал шілдеде 1,1 миллион адам алды", - деді ол.

Әлеуметтік қолдау шараларымен қатар Жұмыспен қамтудың жол картасы жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге айтарлықтай үлес қосты, бұл жерде жобаларды іске асыруға 1 триллион теңге бөлінді.

"Жұмыспен қамтудың жол картасы 179 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Олардың орташа жалақысы 130 мың теңгені құрайды. Бағдарламаға қатысушылардың отбасы мүшелерін ескере отырып, 700 мыңға жуық адам кіріспен қамтамасыз етілді. Шағын және орта бизнестің 19 мың субъектісі 370 миллиард теңгеге тапсырыс алды, бұл 114 мың жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Жол картасы жобаларын іске асыру болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады", - деді министр.

Жол картасы дағдарыс кезеңінде халықты жұмыспен қамту және табыспен қамтамасыз етуден басқа, әлеуметтік, коммуналдық және көлік инфрақұрылымының жөнделген және жаңа нысандары түрінде болашақ үшін әлеуметтік қор қалыптастыруда. Бұл 3 ауысымды және апатты мектептер, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл тұрғындарының таза ауызсуға қолжетімділігі, суармалы, жайылымдық жерлердің аумағын ұлғайту және ауылдық елдімекендерді газдандыру сияқты түйткілді мәселелердің бір бөлігін шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 2020 жылы басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындарын құру қарқынын ұстап тұру мүмкін болды. 8 айда 238 мың жұмыс орны құрылды. Бұл іске Нұрлы жол (117 мың), Нұрлы жер (28 мың), Цифрлық Қазақстан (25 мың) бағдарламаларыең көп үлес қосқан.

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, қабылданған шаралардың арқасында ішкі еңбек нарығы үшін ауыр зардаптардың алдын алуға, жұмыс орындарының жаппай қысқартылуына және жұмыссыздықтың айтарлықтай өсуіне жол бермеуге мүмкіндік туды.

Министр сөзінің соңында Covid-19 пандемиясы және карантиндік шектеу шараларын бірнеше рет енгізу ықтималдығы жағдайында ҚР Үкіметі Еңбек бағдарламасын, Жұмыспен қамтудың жол картасын және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыс орындарын құру бойынша жедел және жүйелі шараларды қабылдауға дайын екенін атап өтті.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: