Оңтүстіктен теріскейге "Еңбек" бағдарламасы бойынша қоныс аударушылардың қуанышы көпке созылмады. Қоныс тойларын тойлағандарына үш ай болмаған үйлерінің едендері шіріп, тесіліп қалған. Балалары қол-аяқтарын жарақаттап алмас үшін едендерін жамап күн көріп отыр. Тіпті қоршау мен қора да жоқ. Бірақ, бір қызығы жергілікті билік қалалық құрылысшыларға ешқандай шағым түсірмеген, тіпті түсіргісі келмейтін көрінеді, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Самат Құдияров өңірге отбасымен Түркістан облысы, Арыс қаласынан көшіп келген. Отағасының сөзінше үйлерінде өмір сүру түгілі жүру қорқынышты. Өйткені, едендері шіріп, тесіліп жатқан көрінеді. Баласы бірнеше рет ойнап жүріп тесікке түсіп кеткен.
Үйдің сапасыз салынғаны соншалықты едендегі тесіктерден жер көрініп тұр. Оның астында бетон тұрмақ, жылу беретін топырақ та төселмеген. Тек ағаш бөренелер мен шіріген ДСП ғана. Әкімдіктегілер жаңа үйлерін қайта күрделі жөндеуден өткізу үшін құрылыс материалдарымен көмектесуге уәде беріпті. Бірақ құрылысшылардың қалай болса солай салған үйлерін қалыпқа келтіруге құлқы жоқ сыңайлы.
Самат Құдияров, қоныс аударушы:
2020 жылы 1 шілдеде көшіп келдім. Бір ай жақсы тұрдық. Бір айдан кейін мынандай тірліктер басталды. Әкімшіліктер айтқан жасап береміз деп. Қыс келе жатыр.
Смирнов ауданы орталығында осындай жағдайдағы 7 үй бар. Ондағы отбасылардың барлығы Түркістан облысынан "Еңбек" бағдарламасымен қоныс аударғандар. Таяуда кірген жаңа үйлерінің сиқы осы. Қора тұрмақ қоршау да жоқ. Оны жұрт өздері жасап алған.
Қымбат Маханова, қоныс аударушы:
Осы уақытқа дейін қоршаулары жоқ жаңбыр жауса лай болып жатады. Енді бұл үйлерді бізге жеті миллионға беріп отыр. Егер жеті миллион ақшам болса мен бұл үйді сатып алмаған болар едім. Жеті миллионға қорасы, гаражы, отынханасы бар үйлерді қараған болар едім.
Қоныс аударушылар бес жыл бойы айына тек 6 мың теңге төлеп тұрады. Мұндай "солтүстік квота" шарттарына көптеген оңтүстіктің тұрғындары келіскен. Жыл басынан бері 1300 отбасы көшіп келіпті. Бірақ жаңа қоныстанушылар көбінесе жаңа үйдің жобалық жоспарын көре алмайды. Тіпті жергілікті билік оның қандай материалдардан салынғанын білмейді.
Руслан Садуақасов, Аққайың ауданының Сәулет, құрылыс, тұрғын үй және коммуналдық қызметтер, көлік және жолдар бөлімінің жетекшісі:
Бұл үйлер ешқандай жобалық-сметалық құжаттамасыз эскиздік жобамен салынған. Әкімдіктен қосымша ақша бөлінетін болады. Біз бұл үйлерден бас тартып отырған жоқпыз. Әрине біздің бақылауда. Бұл үйлердің бағасы 7 миллион тенге тұрады. Оларға 15 миллионға үй қой деп жатқан жоқпыз. Өз мүмкіндіктерінше жасап жатыр.
Қоныс аударушылар келген жақтарына қайта кетіп қалмас үшін, әкімдіктер жөндеу жұмыстарына ақша бөлуге дайын. Айта кетейік, жыл басынан бері 20 отбасы келген мекендеріне кетіп қалған. Сол үшін де шенеуніктер үйлерді қайта қалпына келтіру үшін қосымша төлем төлейді. Бірақ өзінің қалтасынан емес, бюджеттен әрине.