Мықты нейрохирург құрылыс компаниясында жүр. Біздегі дәрігерлер туралы ащы шындық

Дәрігер де адам баласы. Ол да жақсы көлік мініп, жағдайын жасағысы келеді. Бірақ дәрігердің қазіргі жалақысымен, сол секілді мемлекеттің дәрігерге деген қарым-қатынасымен бұл мүмкін емес.

Қазіргі кезде коронавирусқа байланысты әлем елдері жан-жақтан түрлі тартымды ұсыныспен білікті дәрігерлерді тартып жатыр. Ол бойынша Қазақстаннан да білікті кадрлар кетіп жатыр. Бұл туралы елордалық анестезиолог-реаниматолог дәрігер өз сұқбатында айтты, деп хабарлайды zakon.kz.

Журналист Nartay Aralbayuli сұқбатқа тартқан Ғабит Нұрханұлы:

- Мен үш жыл бұрын жіберген анкетама қазір жан-жақтан сұраныс келіп жатыр. Қазір көп дәрігерлер шетелге кетіп жатыр. Себебі шетел коронавируспен күресуге шындап дайындалып, жақсы мамандарды жан-жақтан тартып жатыр, - дейді.

Ол бұл еліміздегі дәрігерлерге арнайы статус берілмеуінің және дәрігерлердің мемлекеттің қамқорлығына алатын арнайы бағдарламаның болмауының салдары деп санайды.

- Дәрігер де адам баласы. Ол да жақсы көлік мініп, жағдайын жасағысы келеді. Бірақ дәрігердің қазіргі жалақысымен, сол секілді мемлекеттің дәрігерге деген қарым-қатынасымен бұл мүмкін емес. Мысалы, Германияда дәрігерлер мемлекет қамқорлығына алынған. Процентсіз баспанамен, көлікпен қамтамасыз етіледі. Баласын балабақшаға кезексіз орналастырады. Ақыры жыл сайын киетін аяқ-киіммен де тегін қамтамасыз етеді. Сонда дәрігер отбасы мәселесіне бас ауыртпайды, жұмысына ыждаһаттылықпен кіріседі. Ал бізде ондай жоқ қой, - дейді Нұрханұлы.

Оның айтуынша, дәрігерлердің жалақысы аз, оны әлі де көбейту керек деп санайды.

- Мен білетін бір мықты нейрохирург бар, елімізде басқа жасайтын бір ота тәсілін енгізген, өкінішке қарай, ол кісіні қазір құрылыс компаниясының директоры болып кетіпті деп естідім. Яғни, жекеге кеткен ғой. Сол секілді Кореяға құрылысқа кеткен дәрігерлерді де білемін.

Ақша демекші, жалақыға қатысты ол мынандай деректі алға тартты:

- Коронавирусқа байланысты қосылған үстемеақы 600-700 мың теңге болса, оған өз жалақымды қоссам, 900 мың-1 миллион теңге айналысында алып жүрміз қазір. Онда да үстемеақы деген уақытша ғой, коронавирус кезіне арналған. Ал шетел ұсынатын бір айлық 1-3 миллион теңге айналасында болады. Шетелге, әрине мықты дәрігерлер кетеді, тіл білетін, біліктілігін дәлелдеген дегендей. Осы жағынан алғанда, коронавирустың тағы бір толқыны туындаса, алдыңғы бір үлкен қателікті тағы қайталауымыз мүмкін. Ал алдында білікті, сапалы дәрігерлердің аздығынан қатты зардап шеккенбіз.

Сондай-ақ ол "төбеден коронавирус шашады" деген қауесетке де пікір білдіре кетті.

"Коронавирусты төбеден шашып жүр" деген секілді алып-қашпа әңгімеге сенсек, бостан босқа қырылып қаламыз. Адамның көзі ашық болуы керек. Дүниежүзілік жаңалықты саралап отыру қажет. Болжам қайдан шығады, сол жақын және алыс шетелдегі жағдайларды бағдарлап отырмыз ғой. Жұқпалы ауру болған соң ол қайдан шықса да кеңінен қанат жайып, бізге де салып ұрып жетіп келеді. Қазір Ресей мен Түркияда жағдай ушығып жатыр деп естіп жатырмыз. Іргедегі елдер, қатты алыс емес, сондықтан қауіп жоқ емес, бар. Коронавирус та бар. Жұғады ол. Бай, кедей немесе атақты, атақты емес деп адам таңдамайды. Сондықтан иммунитетті көтерумен айналысу керек. Иммунитет десе, жақсы тамақ ішіп-жеу деп біздікілер жаңсақ түсінеді. Әрине, жақсы тамақтану керек, сол секілді, мысалы көп қарызданба, ал көп қарыз алсаң, оны қайтара алмай қиналсаң, уайым да бір сәтте иммунитетті түсіріп жібереді, - дейді өз кеңесінде елордалық дәрігер.

Оның пікірінше, ұлттық сусын - қымыз коронавируспен күресте өз тиімділігін танытқан секілді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: