Бүгін Түркістан облысының Прокуратурасы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің және Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының бірлесіп ұйымдастыруымен "Бизнесті және инвестицияны қорғау" форумы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты - бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін қалыптастыру, кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға белсенді қатысуын қамтамасыз ету.
Келелі мәселе ортаға салынған алқалы жиынға Түркістан облысы Кәсіпкерлер Палатасының директоры Тимур Нахипбеков, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев, облыс прокурорының орынбасары Артықбек Пашаев және жергілікті атқарушы және аумақтық органдар мен бизнес-қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ инвестициялық қызмет барысында пайда болатын проблемалық мәселелер талқыланған алқалы жиында сөз алған Х.Көшқалиев кәсіпкерлікті қолдау және қорғау - ел дамуының басты кепілі екендігін атап өтіп, бүгінде Агенттіктің бастамасымен ел аумағында бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілерге жол бермеуге және қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге айрықша басымдық беріліп отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ, кездесуде сөз сөйлеген Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай кәсіпкерлікті сыбайлас жемқорлықтан 100% қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Түркістан өңірінде "Protecting Business and Invesments" (Бизнес пен инвесторларды қорғау) жобасы аясында Департаментпен жалпы құны 466 млрд теңгені құрайтын 37 жоба сүйемелдеуге алынып, жыл басынан бері бизнесті қорғау шеңберінде 15 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтірілгенін және соның нәтижесінде 20 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.
Жиын барысында инвесторлардың сыбайлас жемқорлық фактілеріне ұшырасуына жол бермеуді және қандай да бір заңсыз қысым жасау деректерін болдырмау мақсатында "Рrotecting business and investments" жобасы аясында Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментімен "Turkistan Invest" инвестиция тарту және экспортты дамыту аймақтық агенттігі арасында меморандумға және 2 ірі бизнес қауымдастықпен екі жақты келісімге қол қойылды.
Бизнесті қорғау мәселелері еркін форматта талқыланған жиын соңында Түрікстан облысындағы кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін өзекті проблемалық мәселелер ортаға салынып, өңірдегі кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Сондай-ақ, облыстық және жергілікті кәсіпкерлердің талап-тілегіне құлақ түрген облыстық құқық қорғау органының басшылары мен өкілдері бизнес өкілдерді алаңдатқан түйткілді мәселелерді жіті назарға алып, жақын күндері түбегейлі шешімін табатынын жеткізді.
Айта кетсек, Департаментпен келісімге қол қойған инвесторлар алдағы уақытта 100% сыбайлас жемқорлық фактілерінен 24/7 принципі негізінде қорғалатын болады.