Түркі Кеңесінің Бас Хатшысы Қырғызстандағы жағдай туралы мәлімдеме жасады

Туысқан қырғыз халқы және ел билігінің мемлекеттік институттары өз ішіндегі алауыздықты бейбіт жолмен реттей алса екен деген пейіл танытыпты.

Түркі Кеңесінің Бас Хатшысы Бағдад Әміреев жақында өткен парламент сайлауынан кейін Қырғызстан Республикасында орын алған оқиғаға қатысты қатты алаңдаушылық білдіреді және Қырғызстанның барлық саяси топтары мен азаматтарын зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін тоқтатуға және елде саяси және әлеуметтік тұрақтылықты қалпына келтіруге атсалысуға шақырады, деп хабарлайды zakon.kz.

Туысқан қырғыз халқының және ел билігінің мемлекеттік институттарының өз ішіндегі алауыздықты Қырғызстан Республикасының Конституциясы мен ұлттық заңнамасының шеңберінде бейбіт жолмен реттей алатындығына Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттер шексіз сенеді.

Қырғызстан Түркі Кеңесінің негізін қалаушылардың бірі ретінде Орталық Азияның өңірлік қауіпсіздігінің маңызды факторы және Түркі әлеміндегі көптеген интеграциялық үдерістердің қозғаушы күші болып табылады. Біз Қырғызстан Түркі тілдес мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қолынан келгенше өз үлесін қосуды одан әрі жалғастырады деп үміттенеміз.

Түркі Кеңесі оқиғаның даму барысын жіті бақылап отыр және туысқан қырғыз халқының бірлікке, бейбітшілікке, тәуелсіз дамуға және өркендеуге деген ұмтылысына барынша қолдау көрсетуге дайын, делінеді хабарламада.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: