Бірқатар облыстарда ковид-19 бойынша жаңа жағдайларды жасыру фактілері анықталды. Қазақстан Президенті бұл туралы коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды zakon.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
– Бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді. Қазіргі ахуал жете бағаланбай, қабылданған шаралар толық жүзеге асырылмай отыр. Халықтың індеттен сақтану деңгейі төмендеп кеткен. Бұл – аксиома. Мұндай жағдай әлемнің көптеген елінде байқалуда. Аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, медициналық статистиканы бағалау және талдау жөнінде кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымдарының толық дайын болуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұл әскери медицинаға да тікелей қатысты. Себебі олар індетпен күресу үшін шұғыл күш жұмылдыруға және құралдармен жабдықтауға дайын болуы тиіс.