Елімізде мүгедектігі бар жандар мемлекеттік бағдарламалар аясында әлеуметтік қызметтер мен гранттар түріндегі мемлекеттік қолдауға ие бола отырып, ел қатарлы өмір сүруге, жұмысқа орналасуға немесе өз кәсібін ашуға мүмкіндік алуда.
Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылының тұрғыны Жасұлан Бужукаев - III топ мүгедегі. Жаз соңында ол нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында грант иегері атанды. Гранттың 555 600 теңге (200 АЕК) қаражатына ол кеңсені жалға алып, жабдықтады. Осылайша бүгінде Бужукаев заңгерлік қызмет көрсетуді қолға алған.
"Заң кабинетін өз күшіммен ашу мен үшін қиынға соғатын еді. 500 мыңнан астам қаражат табу оңай емес, сіз достарыңыздан мұндай соманы жайдан-жай қарызға ала алмайсыз, ал несие берілмеуі де мүмкін. Сондықтан, "Еңбек" бағдарламасы бойынша грант – мемлекет тарапынан көрсетілетін үлкен, маңызды әрі қажетті қолдау деп білемін", - деді Жасұлан Бужукаев.
Бужукаев Жасланның жеке мұрағатынан
Бүгінде ол ауылдастарына құжаттар рәсімдеуге, соның ішінде жылжымайтын мүлікпен мәмілелер жасауға, ЭСҚ алуға және eGov тұғырнамасымен жұмыс істеуге көмектеседі, заңгерлік кеңес береді.
Көкшетау қаласында тұратын II топ мүгедегі Елена Машкина облыстық әлеуметтік қорғау органдарына жүгіну арқылы өзгенің көмегінсіз жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болып отыр. Ол жолдама бойынша Алматы облысының Талғар қаласындағы медициналық орталығына келіп, орталық мамандары оның аяғына тегін протез таңдап, салып берді.
Менде күрделі ампутация, протез таңдау кезінде маған ерекше көңіл бөлу қажет. Бұрындары маған протез салып берген, алайда ол менің қозғалуыма мүмкіндік бермек түгілі, керісінше жағдайды қиындатып жіберді. Ал бүгінде маған заманауи технологияларды қолдана отырып, арнайы протез жасалды, керемет мамандар оңалту курсын өткізді, мен енді өзім жүре аламын! Мен қуаныштымын! - дейді шаттығын жасыра алмаған Елена Машкина.
Елена Машкинаның жеке мұрағатынан
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде атап өткендей, Қазақстанда 705,5 мың мүгедектігі бар жан тұрады.
Министрлік Қазақстанда мүгедектігі бар жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар шеңберінде 4 бағытты жүзеге асыруда: "экономикалық дербестік және сапалы жұмыспен қамту", "әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту", "әлеуметтік оңалту мен абилитацияның тиімділігін арттыру" және "кешенді қолжетімділік пен кедергісіз орта". Бірінші бағыт бойынша Министрлік таяу жылдары мүгедектігі бар 30 мың адамды қосымша жұмыспен қамти отырып, олардың үлесін еңбекке қабілетті жастағы адамдар санынан кем дегенде 30%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Екінші бағыт аясында 2020 жылдың қаңтарынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Оның ерекшелігі - рейтингісін, өзге пайдаланушылардың пікірін, құны мен сапасын ескере отырып, оңалту құралдары мен қызметтерін дербес таңдау мүмкіндігінде. Үшінші бағыт мүгедектігі бар жандардың толыққанды интеграциясын қамтамасыз етуге бағытталған және оның аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік оңалту мен еңбекке бейімдеудің кешенді тәсілі жүзеге асырылатын болады. Төртінші бағыт бойынша Қолжетімділік картасы іске асырылуда.
ҚР ЕЖХӘҚМ