Генерал-майор Күдебаев онлайн трансляция жүргізіп, елмен сөйлесті

Тұрғындар тікелей эфир барысында Алматы облысының бас полицейіне алғыстарын айтып, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев апта сайын Instagramm әлеуметтік желісінде халықпен онлайн кездесуді әдетке айналдырды, деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Полиция департаментінің арнайы парақшасы арқылы жүргізілетін тікелей эфирге әлеуметтік желіні пайдаланушылар еркін қатысып, пікірлері мен сұрақтарын қалдыра алады. Сонымен қатар, полиция генералының Фейсбук желісінде жеке парақшасы бар екенін және онлайн кездесуде whatsapp желісі арқылы бейнеқоңырау жасау мүмкіндігі қаралғанын ескерген жөн.

"Мемлекет Басшысы "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидасын енгізді. Осыған орай мен де, қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің басшылығы апта сайын тікелей байланысқа шығады. Халық сенім білдірген қызметте отырғандықтан, олардың пікірімен үнемі санасып отырамыз", - деді Алматы облысының бас полицейі генерал-майор Серік Күдебаев.

3 сағатқа созылған онлайн кездесу барысында тұрғындар полиция қызметіне қатысты түрлі сұрақтар мен пікірлер білдірді.

"Бүгінгі тікелей эфир барысында Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, "Есік" газетінің тілшісі Әлішер Матхалықов хабарласып, пәтер ұрлығын кәсіп қылған қылмыстық топты құрықтаған тәртіп сақшыларының нәтижелі еңбегі үшін алғысын білдірді. Полиция генерал-майоры мінсіз қызмет атқарып, жақсы нәтиже көрсеткен тәртіп сақшысына және полицейдің еңбегін бағалаған тұрғынға алғысын білдірді", - деді ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: