Атыраудан Теңізге қосымша 15 медицина маманы барады. Бұл туралы бүгін Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Нина Оспанова онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды zakon.kz облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
"ТШО-дан инфекциялық стационардың төртінші блогының ашылатындығы туралы хат келді. Қазіргі таңда ондағы инфекциялық стационардың үш блогы жұмыс істеп жатыр. Өткен аптада 8 медицина маманы ТШО кешеніне жіберілді. Енді тағы 15 медицина қызметкерін жөнелту жоспарлануда. Оның ішінде бір дәрігер, жеті мейірбике, жеті кіші буын қызметкері бар. Бүгінгі таңда кен орнындағы инфекциялық стационарда 23 медицина маманы қызмет көрсетуде", деп атап өтті спикер Нина Оспанова.
Еске сала кетелік, Атырау облысында өткен тәулікте 61 адамда коронавирус індеті анықталды. Қауіпті дертке шалдыққан науқастардың 19-ы Атырау қаласынан тіркеліп отыр. Сондай-ақ, инфекция Теңіз кенішіндегі 42 жұмысшыдан расталған.
Соңғы мәліметке сәйкес, өткен тәулікте коронавирус инфекциясынан 11 науқас емделіп шықты. Қазіргі уақытта 164 адам үй жағдайында емделуде.
Облыстық инфекциялық стационарда 38 науқас, ал аудандардағы инфекциялық стационарда 5 (Индер ауданынан - 3, Қызылқоға ауданынан - 2 науқас), Теңіз кенішінің инфекциялық стационарында 174 адам ем қабылдауда.