2020 жылы 10 желтоқсанда "Пандемия кезінде тамақтанудың маңызы зор" тақырыбында Халықаралық виртуалды симпозиум және Орталық Азия мен Кавказ елдерінде тамақтану саласындағы әлеуетті арттыру және серіктестік жөніндегі Өңірлік платформаның 3-ші кеңесі өтті, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Үкіметімен, ДДСҰ-мен, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен, БҰҰ жүйесінің тамақтану мәселелері жөніндегі тұрақты комитетімен және т.б. ынтымақтастықта ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия (ЕОА) елдеріндегі Өңірлік офисі симпозиумды ұйымдастырды.
Талқылау тақырыбы – ЮНИСЕФ-тің тамақтану саласындағы 2020 – 2030 жылдарға арналған жаһандық стратегиясы, сондай-ақ 8 елдің тамақтану саласында және СOVID-19-ға ден қою шараларында басқару тиімділігін арттырудағы елдердің прогресі және 2019-2020 жылдардағы өңірлердің жетістіктері.
Шараға Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан келген тамақтану саласындағы серіктестік пен тамақтану әлеуетін дамытудың Өңірлік платформасына мүше мемлекеттердің өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, ғылыми топтар мен сарапшылардың өкілдері қатысты.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры Дамир Көбжасаров және тамақтану саласындағы Өңірлік платформа хатшылығының үйлестірушісі Наталья Юшицина Қазақстанды таныстырды.
Мерзімнің аяқталуына байланысты, хатшылық туралы ережеге сәйкес ротация жүргізілді. Қазақстан төраға құқығын Түркіменстан өкілдеріне берді. 2021 жылдың қаңтар айында жаңа төраға туралы жарияланатын болады.
Қазақстан - Өңірлік хатшылықты екі жыл бойы (2018-2020 жж.) басқарған алғашқы аймақ. ЮНИСЕФ Өңірлік өкілдігі директорының орынбасары Филипп Кори Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі әлеуетті арттыру және серіктестік орнату жөніндегі Өңірлік платформа хатшылығының төрағасы ретінде Қазақстанның жұмысын жоғары бағалады.
Қазақстанның Өңірлік платформа хатшылығына төрағалық еткен екі жыл ішінде көптеген маңызды қадамдар жасалды, мол тәжірибе жинақталды. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы балалар мен жасөспірімдердің, әсіресе коронавирус ауруының пандемиясы жағдайында дұрыс тамақтануын қалыптастыру үшін өңірдегі үздік тәжірибелермен бөлісті және үнемі ынтымақтастықта болуды қолдады. Өңірлік платформа өзара байланысты нығайту үшін жақсы негіз болды, - деді Н. Юшицина.