Ақтөбеде "Nur Otan" плакатын жыртқан белсенді психдиспансерге жатқызылды

Екінші топ мүгедегі Асанәлі Сүйеубаев 2012 жылы психиатрлар есебіне алынған.

Ақтөбеде "Нұр Отан" партиясының сайлауалды үгіт-насихат плакатын жыртқан азаматтық белсенді Асанәлі Сүйеубаев жүйке аурулары диспансеріне жатқызылды, деп хабарлайды zakon.kz Орталық Азияның жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Белсенді Сүйеубаевты үйінен жедел жәрдем бригадасы мен учаскелік инспектор 21 желтоқсан күні әкеткен. Бұл туралы Qaharman қорының директоры, құқық қорғаушы Дана Жанай хабарлады.

Асанәлі Сүйеубаев Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығына 21 желтоқсан күні кешкі алтылар шамасында түскен. "Пациентті жедел жәрдем бригадасы мен полиция қызметкерлері алып келді" дейді бас дәрігердің орынбасары Есенаман Нысанов.

- Мінез-құлқында өзгеріс бар. Бірақ оны өзі мойындамайды. Ойына не келсе соны істеп, көшеге шығып, сайлау плакаттарын жыртқан. Мұны медицинада "аддиктивті мінез-құлық" деп атайды. Сүйеубаев қоғамдық тәртіпке қайшы әрекет жасаған, - дейді Есенаман Нысанов.

Дәрігердің мәліметінше, екінші топ мүгедегі Асанәлі Сүйеубаев 2012 жылы психиатрлар есебіне алынған.

Полиция Азаттыққа Асанәлі Сүйеубаевтың ұсталғаны жайлы әзірге ақпарат бермеді.

Белсенді Сүйеубаевтың Facebook парақшасында осыдан екі күн бұрын жарияланған видеодан автобуста "Нұр Отан" партиясының сайлауалды үгіт-насихат плакатын жыртып тұрған сәтін көруге болады. Ал 21 желтоқсан күнгі тікелей эфир кезінде Сүйеубаев өзін әкетуге келіп тұрған жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін түсірген. Видеода медицина қызметкері Сүйеубаевқа "үгіт-насихат плакаттарын жыртып, не үшін қоғамдық тәртіпті бұзып жүрсің, олай істеуге құқығың жоқ" дейді. Ал Сүйеубаев тікелей эфирде өзін "тағы қудалап жатқанын" айтады.

- Оны бұған дейін де психиатрия клиникасына әкетіп, 20 күн бойы мәжбүрлеп ұстаған еді. Жыл басында Асанәліні "Көше партиясының" үнпарақтарын таратқаны үшін әкетті. Бұл жолы да сайлау қарсаңында әдейі қамап отыр. Белсенділер "Нұр Отан" партиясының жалған рейтингін, сайлау кезінде дауыс ұрлайтынын әшкерелемек. Сол үшін Қазақстанда жүздеген белсенді қуғын көріп жүр. Үйқамақта, тергеу изоляторында отырғандар бар. Ал Сүйеубаев жүйке аурулары диспансеріне қамалды, - дейді Qaharman қорының директоры, құқық қорғаушы Дана Жанай.

Ақтөбеде өтетін наразылық жиындарының тұрақты қатысушысы, белсенді Асанәлі Сүйеубаев 2020 жылдың сәуір айында Ақтөбедегі жүйке аурулары клиникасында емделген. Белсенді клиникадан шыққан соң Азаттыққа берген сұқбатында “дәрігерлер полицияның нұсқауымен 20 күн бойы мені мәжбүрлеп ұстады” деген болатын. Кейін дәрігерлердің үстінен сотқа шағымданған. Маусым айында Ақтөбе қалалық соты жергілікті белсенді Асанәлі Сүйеубаевтың жүйке аурулары клиникасында “мәжбүрлеп емдеу” бойынша шағымын қанағаттандырмай тастады.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда совет заманынан қалған "өзгеше ойлайтындарды психиатрия клиникасына жіберіп, жазалау әдісінің" сақталып қалғанын айтады. Қараша айының соңында Нұр-Сұлтан соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп күдікке ілінген тәуелсіз журналист, блогер Айгүл Өтепованы психдиспансерге жіберген. Халықаралық ұйымдар "ар-ұждан тұтқыны" деп атаған Өтепова желтоқсан айының басында босап шықты. 2018 жылы Шымкент қаласының соты блогер Ардақ Әшімді де емханаға күшпен жатқызған. Халықаралық ұйымдар оны "ар-ұждан тұтқыны" деп атаған. Босап шыққаннан кейін Әшім Украинаға көшіп кетті.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: