Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Алматыда қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды zakon.kz.
Министр онлайн-петиция институтын құруға бағытталған түзетулер енгізілген заң жобасы туралы айтты.
Заң жобасындағы ең негізгісі, петицияларға модерация жүргізіледі. Мемлекеттік органның қарауына жіберілгенге дейін әрбір петицияның бекітілген талаптарға сәйкестігі тексеріледі.
Мысалы, Қазақстандағы билік формасын өзгерту туралы петиция жазуға болмайды. Елдегі қалыптасқан әкімшілік-территориялық құрылымға, сот жүйесіне, рақымшылық сияқты тақырыптарға тыйым салынады. Тыйым салынған тақырыптар тізімі конституциялық және қылмыстық құқық, референдум туралы заң негізінде қалыптастырылды. Петиция мәтінінде әлеуметтік, нәсілдік, діни, таптық және рулық араздықты қоздыруға болмайды.
Петиция дауыстар мен қолдаудың қандай межесіне жеткенде оны мемлекеттік орган қарауы міндетті болатыны Президент жарлығымен анықталады (ол аудандық, облыстық немесе республикалық деп деңгейлерге бөлінеді).
Петиция бойынша шешімді тек қана мемлекеттік органның бірінші басшысы қабылдайды.