Маңғыстау облысында бизнесте салалық сарапшыларды табу аса қиын. Соның салдарынан өңірдегі 52 мыңнан астам бизнес субъектінің тек 18-і ғана индустриалды сертификат алды. Бұл - бизнес үшін үлкен қиындық, деп хабарлайды zakon.kz.
"Оған басты себеп - Маңғыстауда салалық сарапшылардың жоқтығы. Облыста тек екі-ақ сарапшы тіркелді. Олар химиялық өндіріс саласында болып отыр. Басқа салаларда қиындық туындады. Маңғыстау бизнесіне салалық сарапшылар ауадай қажет. Соның салдарынан кәсіпкерлер сырттан маман шақыртып, сараптама қорытындысын жасатуға мәжбүр. Салалық сарапшылардың келуі-кетуі, жатын орны, қызмет құны сынды шығындары миллиондаған теңгемен есептеледі. Мұндай сомманы төлеуге кез-келген іскердің шамасы жоқ. Ендігі тығырықтан шығар жол - жергілікті жерден, әр саладан сарапшыларды дайындау қажет", - дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев.
Соның салдарынан облыста Өңірлік кәсіпкерлер палатасынан тек 18 кәсіпорын индустриалды сертификат алып, түрлі тендерге қатысуға мүмкіндік туды. Олар мемлекеттік сатып алуларда 5 бағыт бойынша қатыса алады: ІТ саласы, жиһаз, құрылыс, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп салалары. Сертификат жарамдылығы - 3 жыл. Ал қалған бағыттарда қиындық көп.
Мәселен жиһаз жасаумен айналысатын "Амина" ЖК иесі Анаргүл Жексенбаеваның айтуынша, индустриалды сертификат алу үшін біршама мәселеге тап болды.
"Жиһаз жасау бойынша тендерлерге қатыса алмай отырмыз. Құжат жинай бастағанда индустриалды сертификат болуы міндеттелді. Оны алу үшін сырттан салалық сарапшы шақыртуымыз керек. Өйткені, біздің өңірімізде жиһаз саласын оқып, игерген, еңбек өтілі сай келетін сарапшы жоқ. Маманды сырттан алдыру шығыны 1 млн 300 мың теңгеге шығады. Оған жалғыз өзімнің жағдайым көтермейді. Бірнеше кәсіпкер болып қосылып, алдырайық деген де ой болған. Оған көбісі келіспей, іс аяқсыз қалды",- дейді кәсіпкер.