Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкіметте Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар туралы хабардар етті, деп хабарлайды zakon.kz.
Алдымен министр АӨК дамыту жөніндегі ұлттық жобаның тұжырымдамасын әзірлеу барысы туралы баяндады. Айтуынша, бүгінде құжат агробизнес, ғылым өкілдерімен және басқа да мүдделі тараптармен белсенді талқылануда.
Ақпанның бірінші онкүндігінде ҚР АШМ тұжырымдаманы "Атамекен" ҰКП алаңында таныстырмақ, егер құжатты барлық мүдделі тараптар мақұлдаған жағдайда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің талаптарына сәйкес оны Парламент депутаттарының, мемлекеттік органдар, облыс әкімдіктері мен агробизнес өкілдерінің қатысуымен Үкіметте қарауды жоспарлап отыр.
"Ұлттық жобаның негізгі қағидаттары - бизнес үшін міндеттемелерді енгізе отырып, мемлекеттік қолдау шараларының сабақтастығы мен тұрақтылығы болады. Ұлттық жобаны іске асырудағы негізгі үлес өңірлерге тиесілі екенін ескере отырып, облыс әкімдері осы құжатты дайындауға, оның ішінде шараларды әзірлеуге және индикативтер қоюға белсенді қатысуы қажет", - деді Сапархан Омаров.
Тұжырымдаманы талқылау қорытындылары бойынша ұлттық жоба әзірленетін болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оны қабылдау мерзімі 2021 жылғы шілдеге белгіленген.
Сондай-ақ, ұлттық жобаны маусым айынан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы реформалар жөніндегі Жоғары Кеңесте қарау жоспарлануда.
Пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді қайтару бойынша тапсырмаға қатысты АШМ басшысы 2019 жылдың соңында космомониторингті қолданудың заңнамалық базасы қалыптастырылғанын, ал 2020 жылдың басында пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау бойынша пилоттық жоба еліміздің 4 облысында (Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары) іске қосылғанын атап өтті.
Нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 8,3 млн гектар жер анықталды, оның 7,6 млн гектары жайылымдық жерлер.
"Аталған облыстардың әкімдіктері пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды жеделдетіп, оларды ауыл шаруашылығы айналымына тартуды қамтамасыз етуі қажет. Бүгінде анықталған 7,6 млн гектар жайылымның 2,6 млн гектары мемлекеттік меншігіне жер иелері өз еркімен қайтарды, 1,6 млн гектары ауыл шаруашылығы айналымына тартылды. Ал 3,4 млн. гектар жер бойынша жергілікті атқарушы органдар сот органдарында материалдар дайындауда", - деді С.Омаров.
Сапархан Омаровтың айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап космомониторинг республиканың барлық аумағында жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы Салық кодексіне пайдаланылмайтын жерлерге 10 еседен 20 есеге дейін салық мөлшерлемелерін арттыру енгізілді. Бұл пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономикалық тұрғыда әсер ету үшін жасалуда.
Сондай-ақ, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мерзімдерін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту, оларды космомониторинг деректері негізінде сот тәртібімен қайтару, хабарламаны қағаз жүзінде емес электрондық SMS-хабарлама арқылы тапсыруға көшіру бойынша заң жобасы әзірленіп, қазіргі уақытта Үкіметпен пысықталуда.
"Бүгінде Жерді мемлекет меншігіне қайтару тетіктері бар. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жергілікті атқарушы органдар оларды барынша пайдалану шараларын қабылдауы қажет", - деп толықтырды министр.
2021 жылғы қарашаға дейін Жер комиссиясын құру және жер кодексіне түзетулерді қабылдауды қамтамасыз ету туралы тапсырмаға қатысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Жер мәселелері жөніндегі арнайы комиссияны құру жөніндегі жұмыс басталғанын баяндады.
Оның құрамына барлық мүдделі тараптар, ҚР Парламенті депутаттары, агробизнес, фермерлер одағы мен қауымдастықтарының, "Атамекен" ҰКП, облыс әкімдіктерінің және т. б. ұйымдардың өкілдері кіреді.
"Жер комиссиясы жұмысының қорытындысы және ұсынылған пікірлерді талқылау бойынша жаңа заң жобасының негізін құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу бойынша бірыңғай тұжырымдамалық әдістемелер әзірленетін болады. Оны әзірлеу Үкіметтің 2021 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарында қарастырылған", - деп атап өтті Сапархан Омаров.