Депутат Қазақстандағы тұрғын үй бағасының күрт қымбаттауына алаңдаулы. Аманжан Жамалов осыған байланысты Премьер-министр Асқар Маминге ресми сауал жолдады, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.
Депутаттың айтуынша, түрлі мемлекеттік бағдарламалар барына қарамастан, баспана мәселесі көптеген қазақстандықтар үшін бірінші мәселе болып табылады.
Бұл ретте депутат 5-10-20", "7-20-25", "Baspana Hit" бағдарламаларын мысалға келтірді. Сонымен қатар, осы жылдан бастап азаматтарға зейнетақы жинақтарының белгілі бір бөлігін пайдалану құқығы берілгені сол екен, құрылыс компаниялары бірден шалт әрекетке көшті
2020 жылы жаңа тұрғын үй бағасы 5% -ға, екінші деңгейдегі нарықта 13,2% -ға өсті.
Құрылысшы компаниялардың, бейнелеп айтқанда, сілекейлері шұбырып кеткен секілді. Неге екені түсінікті, ипотека бойынша мемлекеттік субсидиялар өсіп жатыр, қазақстандықтарға өздерінің жинақталған зейнетақы қаражатын ішінара пайдалануға рұқсат етілді, сондықтан осы ұрымтал сәтті пайдаланып, бағаны шұғыл көтеруге жалма-жан кіріскен. Нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалардың ставкасын субсидиялаудан барлық пайданы қазір құрылыс компаниялары көріп отыр, бірақ сатып алушыларға ешқандай пайда жоқ, - деді Аманжан Жамалов жалпы отырыста.
Оның айтуынша, нарықта тұрғын үй жеткілікті болғанымен, жасанды дүрбелең туындауда. Мәселен, өткен жылы 15 миллион шаршы метр пайдалануға берілді.
Әлдекімдер, осы ыңғайлы тұсты пайдаланып, "оңай" жолмен ақша жасап қалғысы келіп жатыр, қарапайым алыпсатарлық тәсілге сүйене отырып, мемлекеттің әлеуметтік шиеленістің деңгейін төмендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға көмектесуге бағытталған барлық күш-жігерін жоққа шығара отырып, түсінесіздер ме?, - деді депутат.
Ол мемлекет құрылыс саласына орасан зор қолдау көрсете отырып, мультипликативті эффектіден тиісті қайтарым алуға, құрылыс көлемінің өсуіне ғана емес, сонымен қатар онымен байланысты салалардың дамуына, өзіміздің - отандық құрылыс, әрлеу және басқа материалдар өндірісін бір жол қоюға болады деп үміттенгенін, бірақ, өкінішке қарай, жағдай тіптен басқаша сипатта орын алып жатқанын, яғни бағалар тек қымбаттап, импортқа тәуелділік түк төмендемейтінін, ал ел азаматтары тұрғын үй сапасына әлі көңілі толмайтынын атап өтті.
Жоғарыда айтылған сынды ескере отырып, депутат Үкімет пен ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінен тұрғын үй бағасының өсуін шектеу бойынша тиімді шаралар қабылдауды сұрайды.
Соның ішінде:
- тұрғын үй бағасының өсу себептерін талдау және тұрғын үй нарығындағы бәсекелестікке қарсы мінез-құлық фактілерін анықтау бойынша жұмыс жүргізу;
- барлық мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар үшін тұрғын үйдің шаршы метрі үшін шекті деңгейлерді белгілеу;
- мемлекеттік қолдау шараларын қолға алған кезде құрылыс компанияларының отандық өндірісті дамыту және құрылыс материалдарын импортпен алмастыру бойынша міндеттемелерін қарастыру.