Ауыл тұрғыны өмірден өткен әкесінің зейнетақысын заңсыз алып келген

Осындай сұмдық анықталды, дейді полиция.

Қазығұрт аудандық полиция басқармасына аудан прокуратурасынан құжаттар келіп түсті. Онда жергілікті тұрғындардың бірі қайтыс болған әкесіне мемлекет тарапынан төленетін зейнетақысын заңсыз алып келгені көрсетілген, деп хабарлайды zakon.kz ТО ПД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осылайша тұрғын зейнетақыны алу мүмкіншілігі жоқ екенін біле тұра, 2 жыл 3 ай заңсыз алып, мемлекетке 1 миллион 200 мыңнан астам теңге шығын келтірген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркеуге алынды.

Ақпарат алысымен полицейлер бірден әрекет етіп, күдікті тұрғынның жеке басын анықтады. Оны тұрғылықты мекенжайынан ұстап, АПБ-не жеткізді. Ер адам өз кінәсін толық мойындады. Бас шарасы "міндеттемеде". Бүгінде тұрғын мемлекет тарапынан 2 жыл алдын дүниеден өткен әкесінің атынан алып отырған ақшаларды қайтарған.

Түркістан облысының полицейлері осындай оңай жолмен ақша таппақ болған тұрғындарды құрықтауда. Өз кезегінде тәртіп сақшылары тұрғындарға кез келген мәселені заң жүзінде шешуге кеңес береді. Қандай да бір заңсыздық орын алса, ол міндетті түрде әшкере болып, соңы қылмыстық не әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғатынын ескертеді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: