Алматының кіреберістеріне 19 экопост қойылады

Одан бөлек газ талдағышы мен түтін өлшегіші бар жылжымалы экопатрульдер жұмыс істейді.

Алматыға кіре берістерде жаңартылған экопосттар жұмыс істей бастады, деп хабарлайды zakon.kz.

Instagram-дағы парақшасында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалаға кіре берістерде 19 эко-пост орнатылып жатқанын, оның екеуі қазір жұмыс істеп тұрғанын жазды.

"Жұмыс сапарымен Құлжа тас жолында орнатылған жаңа экологиялық бекетке бардым. Мұнда көп компонентті газ талдағыштың көмегімен бензин және газбен жүретін көліктен шығатын улы газдың құрамындағы көмірсутегі, көміртегі оксиді, көміртегі диоксиді, азот оксиді, оттегі тексеріледі. Дизельді отынмен жүретін көліктердегі газдың түтіні де тексеріледі", деп жазды әкім.

Қалаға кіре берісте барлығы 19 экопост жұмыс істейді. Жақында алғашқы екеуі Құлжа трактісі мен Бұқтырма көшесінде іске қосылады. Тестілік режимдегі тексеру кезінде түтіні нормадан асатын шамамен 5 мың жеңіл және 1 мыңнан астам жүк көлігі анықталды.

"Жақында газ талдағышы мен түтін өлшегіші бар жылжымалы экопатрульдерді іске қосамыз.Сондай-ақ барлық эко-бекеттерде ауа сапасын өлшеп, оның дерегін онлайн-карта мен LЕD-дисплейде көрсететін стансалар орнатылады. Бұл — қала экологиясын сауықтырып, атмосфераны ластайтын автокөліктердің үлесін азайтуға бағытталған", делінген әкім жазбасында.


Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: