Көлік полицейлері "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС филиалының "Жамбыл локомотив пайдалану депосының" бұрынғы бастығына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағымен, яғни бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізді. Ол алдау жолымен сенімге кіріп, 7 азаматтың ақша қаражатын иемденген, деп хабарлайды zakon.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күдіктінің 2018-2020 жылдар аралығында азаматтардың сенімін теріс пайдаланып, электровоз машинисінің көмекшісі ретінде жұмысқа орналастыруға уәде беріп, өз делдалының көмегімен әрқайсысынан 800 мыңнан теңгеден 1 200 000 теңгеге дейінгі мөлшерде ақша иемденгені анықталды.
Алынған қаражаттың жалпы көлемі 8 млн теңгеге жуық.
Тараз қаласының №2 сотының шешімімен ұсталған азамат 4 жылға бас бостандығынан айырылып, "Қазақстан темір жолы "ҰК" АҚ-да басшылық лауазымдарда жұмыс істеуге тыйым салынды. Сондай-ақ, аталған қылмыстың делдалы болған электровоз машинисінің бұрынғы көмекшісі де 4 жылға бас бостандығынан шектеуге жазаланды.
Алаяқтық бұл – сенімді теріс пайдалану арқылы алдап, бөтен мүлiкке құқықты иемдену немесе бөтеннің мүлкін жымқыру болып табылады.
Көлік полицейлері істің мән-жайына, анықтығына көз жеткізбей тұрып, "уәде берушілерге" сенуге болмайтындығын ескертеді.