Қырғызстан билігі жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұлды азайтуды көздейді. Бұл туралы премьер-министр Ұлықбек Марипов фейсбуктегі тікелей эфирде хабарлады, деп жазады Орталық Азияның жаңалықтар қызметі.
Азық-түлік дағдарысы болып жатыр, жанармай қымбаттады. Біз бәрін түсініп отырмыз. Президенттің тапсыруымен мен жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұлды азайтуды тапсырдым. Жақында заң жобасын Жогорку Кенешке (парламент) ұсынамыз, – деді премьер. Билік айыппұлды қанша пайызға азайтатынын үкімет басшысы айтпады.
Қырғызстанда көлік жүргізушілер жол ережесі бұзылған кезде салынатын айыппұл тым көп деп есептейді. Мысалы, жылдамдықты тым арттырып жібергені үшін 11-ден 88 долларға дейін айыппұл салынады.
Айыппұлды азайтқан дұрыс. Қарапайым адамдарға қиын. Мысалы, мен көлікті жалға алып, кісі тасимын. Айыппұл үнемі келіп тұрады, - деп шағымданды астаналық бір тұрғын.
"Бізде мұндай айыппұлды төлейтін ақша жоқ. Камералар орнатқан соң жол апаты азайды, бірақ, шындығын айтсақ, бұл да біреудің кәсібіне айналып кетті", - дейді тағы бір қырғыз.