Қоғамның дертіне айналған жасөсіпірімдер арасындағы жүктілік тыйылар емес. Тек былтырдың өзінде 7000-ға жуық қыз бала жүкті болған. Оның мыңнан астамы түсік жасатыпты. Дүниежүзілік статистика бойынша, жасөспірімдер арасындағы жүктілік едәуір артқан және соңғы жылдары көбеймесе азаймай отыр деген ақпараты тағы бар. Мамандар кәмелетке толған қыз-жігіттермен ашық түрде жыныстық қарым-қатынастың зияны жайлы жиі пікір алмасып, ата-аналар тсүіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп есептейді.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Ерте жүктілік, жасанды түсік! Құлаққа түрпідей тиетін бұл сөздер соңғы жылдары үйреншікті жағдайға айналды. Мәселен, былтыр Қазақстанда 15 пен 19 жас аралығындағы 6724 қыз жүкті болған , оның ішінде 5639 қыз босанып, бөпесін бауырына басса, 1086 бойжеткеннің жүктілігі абортпен аяқталған!
Сандарға сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік бойынша Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Атырау, Алматы өңірлері көш басында. Бұл соңғы дерек. Ең қиыны от басқан қаракөздер, үйінен қолдау таппағасын амалдың жоқтығынан "Аналар үйіне" баруға мәжбүр. Қазір республика бойынша 200 қыз бала осында өз бөбектерін тәрбиелеуде.
Сания Аренова, "Аналар үйі" жобасының жетекшісі:
Бізде мынадай жағдай болды. Үйдің табалдырығын енді ғана аттап, тіркеуге алып жатқан қыз баланың толғағы қысып, суы кеткен. Сол күні баласын бауырына басып, қайта бізге келді.
Мамандар ойнап жүріп от басатын қыз балалардың көбі жағдайы төмен отбасыдан шыққан дейді. Ал жоспарсыз жүктіліктің соңы түрлі қиын жағдайлармен аяқталуда. Тіпті, гинекологтың есігін қақпағандар жетерлік екен.
Сания Аренова, "Аналар үйі" жобасының жетекшісі:
Бізге өте жас аналар көмек сұрап келеді. Бойжеткендердің көбі жүктіліктің соңғы айында мамандарға жүгінеді. Ең өкініштісі, олар еш жерде тіркеуде жоқ. Дәрігерге қаралмаған. Ал ең жас ананың жасы - 13-те болған. Өздеріңіз білесіздер, мұндай ерте жүктілік Семей қаласында тіркелген.
Жуырда жасанды түсік жасатудан Қазақстан әлем елдерінің ішінде Ресей мен Вьетнамнан кейін 3-ші орында тұр деген мәлімет тараған еді. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бұл 2004 жылғы ескі мәліметк екен. Керісінше, соңғы жылдары елімізде аборт пен ерте жүктілік жыл санап төмендеп келеді екен.