Отырар телеарнасының түзеу мекемесіндегі тағдырлар топтамасында экс-шенеунік көрсетілді. Ол Денсаулық сақтау министрлігінде лауазымды қызмет атқарып жүріп, мемлекет артқан сенімді ақтамағандықтан жаза арқалаған, деп хабарлайды zakon.kz.
Айта кетейік, Шымкенттегі 167/3 түзеу колониясында көбіyt жемқорлық пен алаяқтыққа барғандар отырады.
"Менімен мүдделестер ғана емес, жоғары дәрежелі адамдар да болды, бәрі түрмеге қамалды. Бұл топтасудың бір түрі болды", - дейді ол.
Сотталушы Ресейден елге оралған қандас. Шетелде жоғары оқуын бітіріп, Қазақстанда қызмет жасады. Бірақ қалыпты өсіп келе жатқан лауазымдының карьерасы кенеттен кілт үзілген. Оған тендерге қатысып, онда жеңіп шығу үшін кәсіпкерлермен ақшаны өзара бөлісіп отыру ұсынылған. Алайда, пара алу үстінде құрықталыпты.
"Мен Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет атқардым, қайсысы екенін айтпай-ақ қояйын. Онда мен фармацевтикалық компаниялармен жұмыс істедім, тендер өткізілді, дәрі-дәрмек сатып алу бойынша. Мен өз мүддеме беріліп, пайда көздедім. Содан кейін тергеу басталды және жауапқа тартты. Бәрін жасырып қаламын деп ойладым. Бірақ мені 366-бап бойынша жауапқа тартты", - дейді ол.
Бүгінгі экс-шенеунік "алтын көрсе, періште жолдан таядының" кейпін кештім деп отыр. Сотталушы қылмысқа барған себебін оңай олжаға батқысы келгенімен түсіндірді. Жалпы шығын көлемі жүздеген миллионнан асқан. Оған жаза ретінде сот өмірінің 6 жылын қауіпсіздігі орташа колонияда өткізуге үкім шығарды.
"Айтатын болсам менің жасаған ісім, жоғалтқанымның жанында түкке де тұрмайды. Өкініп қана қоймай, қателік жібергенімді кеш түсіндім. Бостандықта менің бүкіл өмірім қалды. Ең бастысы, уақытымды жоғалттым", - дейді ол.
Жазасын өтеуші жасаған қылмысына өкініп, түзу жолға түскенін айтады. Ендігі арманы - мерзімінен бұрын босап шығу.