"Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ "7-20-25" және "Баспана Хит" тұрғын үй бағдарламаларының іске асырылуы туралы ресми түсініктеме таратты, деп хабарлайды zakon.kz.
"7-20-25" бағдарламасы 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа үндеуінде айтылған "Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" бірінші бастамасының міндеттерін іске асыру шеңберінде іске асырылуда. Бағдарлама ипотекалық кредиттеудің қолжетімді талаптарымен қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында әзірленді. Ипотекалық тұрғын қарыздарын беру көлемі бойынша бекітілген лимит 1 триллион теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша 325 млрд теңгеге жуық сомаға несие берілді, ол өз кезегінде бастапқы тұрғын үй нарығынан 27 мың қазақстандық отбасының үйлі болуына септігін тигізді.
"7-20-25" бағдарламасының мерзімі шектеусіз, бағдарлама бекітілген 1 трлн теңге лимитіне жеткенге дейін іске асырылады.
"Баспана Хит" бағдарламасы 600 млрд теңге құрайтын бекітілген индикаторға сәйкес осы лимитке жеткеннен кейін аяқталады. Қазіргі кезде жалпы берілген қарыздар сомасы 493 млрд теңгені құрады, соның нәтижесінде 54 мыңнан астам отбасы баспана ала алды.
Екінші деңгейдегі банктердің болжамы бойынша осы сома ағымдағы жылдың аяғына дейін игеріледі.
Бұл ретте "Баспана Хит" бағдарламасы халық үшін қолданыста болған үйлер нарығында ипотеканың қолжетімділігін арттыру бойынша өз міндетін толық орындағанын атап көрсеткен жөн. Қазіргі кезде екінші деңгейдегі банктер "Баспана Хит" бағдарламасына ұқсас кредиттеу талаптарын әзірледі және ұсынуда. Демек, енді мемлекет тарапынан ипотека нарығының осы сегментін одан әрі ынталандыру қажеті жоқ. Бұл жағдай бағдарламаны жоспарлы түрде аяқтауға мүмкіндік береді.
"Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы) - "7-20-25" және "Баспана Хит" ипотекалық тұрғын үй бағдарламаларының операторы болып табылады.