Тоқаев: Конституцияны бұзатын әрекеттерге "Заң мен Тәртіп" қағидатына сәйкес тосқауыл қойылады
Сурет: akorda.kz
Президент бұл оқиғаны мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай деп бағалады.
"Кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары "Самұрық-Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолы" компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тергеу енді басталғанын, заң бойынша оған қатысты мәліметтерді жариялауға болмайтынын атап өтті. Сонымен қатар істің маңызына тоқталды.
"Алайда қазірдің өзінде мына нәрсені анық айтуға болады: бұл – біз "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс", – деді Президент.
Тоқаев Конституцияның 15 наурызда жалпыұлттық референдумда қабылданып, 1 шілдеде заңды күшіне енгенін еске салды. Оның айтуынша, Ата заңның ережелері мен баптарын бұзуға ешкімнің хақы жоқ.
"Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы, бұл – халқымыздың құқықтық төлқұжаты. Сондықтан Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей. Ондай әрекет жасағандар "Заң мен Тәртіп" қағидатына сәйкес қатаң түрде жазаға тартылатын болады", – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
Президент мәселе мемлекеттің абыройына, қоғамның ұлттық институттарға деген сеніміне және Қазақстанның халықаралық беделіне қатысты екенін айтты.
"Мәселе мемлекетіміздің абыройы, қоғамның ұлттық институттарға деген сенімі, Қазақстанның халықаралық беделі туралы болғанда біз, халық билік ету өкілдігін берген тұлғалар, ұлт мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек етуіміз керек, сол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл – азаматтық және саяси борышымыз", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы "Самұрық-Қазына" қоры елдің стратегиялық активтерін басқарып, ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыратынын атап өтті. Қор аса ірі шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
"Түптеп келгенде, кез келген келісімнің, серіктестіктің артында ұзақ жылдар бойы жасалатын көптеген келіссөздер, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың елімізге деген үлкен сенімі мен мемлекетімізге жүктелген нақты міндеттер тұрады", – деді Президент.
2026 жылғы 12 қарашада таңертең "Самұрық-Қазына" АҚ басшысы Нұрлан Жақыпов пен "ҚТЖ" ҰК" АҚ басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны белгілі болды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті олардың сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінгенін нақтылады.
Кейін "Самұрық-Қазына" АҚ холдинг пен қор тобына кіретін компаниялардың қалыпты тәртіппен жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Қоғамда резонанс тудырған ұстау оқиғасынан кейін Ақорда көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөнінде Қауіпсіздік Кеңесінің жедел кеңесі өтетінін хабарлады.