Білім және ғылым министрлігі 2021-2022 оқу жылына білім беру гранттарын бөлу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына квоталар бөлді, деп хабарлайды zakon.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің тапсырмасына сәйкес бұл шара алғаш рет қарастырылғанын айта кеткен жөн.
Енді көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы талапкерлердің грант алу мүмкіндіктері жоғарылай түсті.
Білім және ғылым министрлігі Президенттің тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалардың мемлекет есебінен білім алуына мүмкіндіктің көбірек болуы үшін жұмыс жүргізді. Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-ы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1%-ы көзделген. Бұл ретте олардың ҰБТ нәтижелері шекті балға сәйкес келуі тиіс, – деп хабарлады Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Сонымен қатар квота шеңберіндегі гранттар жетім балалар мен этникалық диаспора өкілдері үшін де бөлінген. Осылайша, азаматтардың әлеуметтік осал санаттарындағы талапкерлер білім беру гранттарын беру кезінде басымдыққа ие болады. Мәселен, егер педагогикалық мамандықтарға 8 мыңға жуық білім гранты бөлінсе, оның ішінде 1063 грант халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтар үшін көзделген.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік білім гранттарын бөлу жүйесінде ауқымды әлеуметтік құрамды қарастыру керектігін және талапкердің академиялық жетістіктеріне ғана емес, сондай-ақ оның әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне де назар аударуды тапсырғанын айта кеткен жөн.