Көлік полицейлері "ВКонтакте" әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу кезінде 36-жастағы ер азаматтан әлеуметтік желіде дәстүрлі емес ислам идеяларын насихаттаған аудио дәрістерді сақтау фактісін анықтады, деп хабарлайды zakon.kz Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көліктегі полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімовтің айтуынша, тексеру барысында аталған азаматтың теміржол ұйымдарының бірінде жұмыс істейтіндігі белгілі болды. Сондай-ақ, дінтану сараптамасының нәтижелері бойынша аудиожазбаның Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынғаны анықталды.
- Жамбыл облысы Шу аудандық сотының шешімімен жоғарыда аталған құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК 453-бабының 3-бөлігімен, яғни Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездікке табынуды, зорлық-зомбылық пен порнографияны насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталған мәліметтер мен материалдарды қамтитын бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін Қазақстан Республикасының аумағында сақтау бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды,- деді полиция полковнигі.