Кешелі бері ресейлік арналар, сайттар мен телеграм каналдар "Қазақстанда ұлтшылдар орыстілділерге қысым жасауда" деп шулап кетті. Әрине, ешқандай қысымның жоқтығын сіз бен біз жақсы біліп отырмыз, дейді желіде журналист Асхат Қасенғали.
Кеше Ресейдің сыртқы саясаттағы агрессиясын ақтап, ішкі саясаттағы кемшілігін артықшылық етіп көрсететін "Россия 24" арнасы ұзақтығы бақандай 5 минут болатын сюжет көрсетті. Онда олар барлық ақпаратты бұрмалап, кері бағытта көрсеткен. Ал Лента.ру деген нағыз арандатушы сайт "В Казахстане националисты организовали "языковые патрули" деген мақаласымақ жариялапты. Тұрмыстық жанжалды орыстілді азаматтарға қысымдай сипаттап, мемлекеттік тілді талап етуді фашизмдей көрсетіп шығыпты. Ресейдің саясатын білмейтін жан ол сюжетті көрсе, расымен сеніп қалады. Бұл жағынан Ресей "бұрмалау һәм пропаганда құдайы" ғой. Әйтпесе Қазақстанда қазақ тілі, өз елі, өз жерінде өгей күйінде жүр. Ақиқаты сол. (Бір жаманы арамызда Ресей сайттарына сеніп, миы уланғандар толып отыр, кейбіреуі өтірік ұлтшыл). Бір қызығы "Россия 24"-тің сюжетіне ютубта халық кері пікір жазып, Қазақстанды қолдап жатыр. Көбісі орыстар мен украиндер екен.
Мұндай сюжеттер, мақалалар не үшін жазылады? Тақырып таппай қалғаннан емес.
Бұл Ресейлік аудиторияға Қазақстанды қарсы бағытта сипаттап көрсетсе, екінші жағынан Ақордаға қысымдай көрініп тұр. Неге дәп қазір? Ол жағын білмедім. Мүмкін Орталық Азия басшылары басқосқан Түркіменстандағы жиыннан кейін болар (әйтеуір вариант қой). Себебі Қырғызстанға да дәл осындай ақпараттық шабуыл жасалуда.
Бір дүние анық. Ресейге Қазақстан билігінің латынға көшу бағдарламасы, тарихты зерттеп, аштықты қазбалау комиссиялары мен солтүстікті қазаққа толтырсам деген талпынысы ұнамайды. Шекелері тырысып, қабақтары қатуланып кетеді. Ең соңғы сенімді одақтасы уысынан шығып кете ме деп қорқатындай. Ал Ақорданың жоғарыда айтқан шараларды іске байыппен асыра беруі маңызды. Бағдарламалар күшіне еніп, жемісін берген сайын мұндай шабуылдар да арта түспек.
Бірақ ит үргенге, керуен тоқтамас.