Үкімет отырысында Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев алдағы бес жылға қатысты инфляция деңгейінің болжамымен бөлісті, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.
Ұлттық банктің бағалауы бойынша, сыртқы инфляциялық фонның ұлғаюын, ұсыныс жағынан ішкі теңгерімсіздіктің сақталуын, сондай-ақ жүргізіліп жатқан фискалдық ынталандыру шараларын ескере отырып, инфляция деңгейі 2021 жылдың соңына қарай 6-7%шегінде болады деп күтіледі. Инфляцияны бағалау биылғы жылдың қыркүйек айындағы келесі болжам кезеңінің нәтижелері бойынша қайта қаралып, нақтыланады, - деп түсіндірді Досаев.
Оның айтуынша, Президенттің шілде айындағы тапсырмасына сәйкес, үкіметпен бірлесе, инфляцияға қарсы шаралар кешенін енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жоғарыда аталған шараларды сәтті жүзеге асуы 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, инфляция деңгейін 2022 жылы - 4-6%, 2023-2024 жылдары - 4-5%, 2025-2026 жылдары - 3-4% дейін төмендетудің алғышарты болып табылады. Бұл көрсеткіштер ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясына сай келеді, деп атап өтті Ұлттық банк басшысы.