"Журналисттің келгенін маған ешкім айтқан жоқ". Басы дауға қалған Алматыдағы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков осылай деп ақталды. Ал күзетші далаға шығарып тастаған Ақбөпе Тәңірберген "әкімге тілшілердің өзі кіре алмағанда қарапайым халықты қалай қабылдайды" деп жағасын ұстады. Бұқаралық ақпарат құралы өкілінің келгенін нөкерлер басшыға жеткізбеді ме, әлде әкім камерадан қорықты ма, бәлкім біздің әріптесіміз тәртіпке бағынбай шу шығарды ма?
Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.
Журналист Ақбөпе Тәңірберген Алатау ауданы әкімдігінде лифтіге кірмек болған кезде күзетші оны беліне қапсыра құшақтап, далаға алып шығып, лақтырып жібереді. Осыдан кейін қайта кірмесін деген пиғылмен есікті тарс жауып тастайды. Әкімдік қызметкерінің бұл әрекеті қоғамда резонанс тудырып, тіпті бұл оқиғаға қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрі көзқарасын білдірді. Аида Балаеваның пікірінше, бұл оқиға "еститін мемлекет", "ашық әкімдік" қағидаларына қайшы келетін жағдай.
Журналист Ақбөпе Тәңірберген Алатау ауданының әкімдігіне бірнеше мәрте келгенін айтады. Әкім Азамат Қалдыбековтен сұхбат алу үшін. Аппарат басшысы шығып, басшыларының сағат 17.30-да интервью беретінін жеткізіпті. Келісілген уақытта келгенінде әкімнің орнында жоқ екенін айтыпты. Құрғақ уәдеге әбден тойып, ешкімнің шықпайтынына көзі жеткен соң ішке кіруге талпынғанын айтады.
Ақбөпе Тәңірберген, журналист:
Жұмыс күні аяқталды. Іштен адам шығатын емес, телефон шалса көтермейді. Күзетшілерге ішке хабарласыңыз десе хабарласпайды. Еріксіз түрде, мәжбүрлі түрде турникеттен өтіп кетуге тура келді. Мәселе осы жерде туындады. Лифтке өтпек болған кезімде мені зат құқсап алып лақтырып жіберіп отыр ғой былайша айтқанда. Лақтырып жібергеннен кейін де бір сағат әкімдіктің алдында тұрдым. Бәлкім іштен біреу шығар, бәлкім кешірім өтінер, бәлкім су алып шыға ма, ешкім шыққан жоқ.
Ал әкімдік қызметкерлерінің бұл оқиғаға қатысты өз уәждері бар. Олар журналистің ғимаратқа келгендегі видеосын жариялады. Онда тілшінің турникеттің астынан өтіп, ішке кіріп кеткені түсіп қалған. Яғни, карантин талабын елемеді, "Ашықтағы" статусын көрсетпеді деп отыр. Бұл келеңсіз жағдайға байланысты қазіргі таңда арнайы комиссия құрылып, қызметтік тексеру басталған. Аудан әкімі журналистің келгені туралы ешкімнің ескертпегенін айтады. Ал оқиға болған кезде "Шексіз қала" бағдарламасы аясында қаланы аралап жүріпті.
Азамат Қалдыбеков, Алатау ауданының әкімі:
Маған мән-жай бойынша жеткізген жоқ. Мен ғимаратта болған жоқпын, ондай тапсырманы күзетшіге немесе басқа кісілерге берген жоқпын. Сондықтанда бұл мән-жайды толықтай тексеру өткізгеннен кейін. Бірақ бүкіл журналистердің сауалдарына, халықтың сауалдарына жауап беруге дайынбыз.
Аудан әкімі халыққа жақын екенін айтып, кез-келген уақытта жауап беруге әзір екенін жеткізді. Ал күзетшіден зәбір көрген тілші әкімдікке кәргізбей қойған оқиғалар болған, бірақ далаға лақтырып тастаған бірінші рет болып отыр дейді. Аяқ-қолы көгеріп қалған журналист полицияға шағым түсірген. Мақсаты- өтемақы өндіріп алу емес, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту екенін айтады. Ал, күзетші тексеру жұмыстары аяқталғанша уақытша жұмыстан шеттеліліпті.
Тек күзетші емес, осыған жауапты мемлекеттік қызметкерлер жауапсыз қалмайды, деп сендірді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.