"ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қыркүйек айының басына дейін қаралады. Парламент мақұлдаса, жаңа нормалар 2022 жылы қаңтардан бастап күшіне енуі мүмкін, деп хабарлайды zakon.kz kolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа жылдамдық шегі — 80 км/сағ немесе одан жоғары
Әкімшілік кодекстің 592-бабына "Көлік құралы қозғалысының белгіленген жылдамдығын 80 км/сағ және одан астам шамаға арттыру" деген жаңа 3-1-тармағын қосу және осы ережені бұзғандарға 40 АЕК айыппұл салу ұсынылды. Егер бір жыл ішінде қайталанса (4-1-тармақ, 80 км/сағ асырғаны үшін) айыппұл 50 АЕК болады.
Қазір қолданыстағы Әкімшілік кодексте жылдамдықты белгіленген шектен 40 км/сағ немесе одан асырғаны үшін ең үлкен айыппұл — 20 АЕК қарастырылған. Бірақ заң жобасын әзірлеушілер жылдамдықты асыру аса ірі жол апаттарының басты себебі екенін ескеріп, жүргізушілерге жүктелетін жауапкершілікті күшейтіп отыр.
Жүргізуші куәлігі жоқтар қарсы жолаққа шықса қалай жазаланады?
596-бапқа да толықтыру енгізу ұсынылды. Бұл бапқа сай қарсы бетке шыққан жүргізуші куәлігінен айырылады. Ал егер ереже бұзушының куәлігі болмаса ше? Тәжірибе көрсеткендей, мұндай адамдар (куәлігінен айырылғандар) аз емес, бірақ оларға жаза қарастырылмаған. Заңдағы осы олқылықты түзету үшін бапқа 3-1-тармақ қосылады, ол бойынша қарсы жолаққа шыққан жүргізушіге 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сонымен қатар осы бапқа 4-1-тармақ қосылады, оған сәйкес көлік қарсы жолаққа шығып, көлік құралдары, жүк, жол және өзге де құрылыстардың не басқа мүліктің бүлінуіне әкеп соққан апатқа себепкер болса, 9 ай мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру көзделген.
Жабық тұрған теміржол өтпесінен өткені үшін куәлігінен айыру
607-бап 3-тармақпен толықтырылады. Ол бойынша теміржол өтпесінен өту қағидасын бұзып, мүліктің бүлінуіне әкеп соққан жол апатына себепкер болғаны үшін 9 айға жүргізуші куәлігінен айыру көзделеді.
Көлік жүргізу құқығынан айырмайды
Адам денсаулығына зиян келтірмеген жол апатына себепкер болғаны үшін (ҚР ӘК 610-бабының 1-бөлігі) алты айға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы алынып тасталады, оның орнына 20 АЕК айыппұл салынады.
Жоба авторларының айтуынша, жол-көлік оқиғасының бәріне жол ережесін өрескел бұзу себеп болмайды. Шамамен 80 % ереже бұзушы кінәсін мойындайды. Сол үшін жүргізуші куәлігінен айыру жазасын алып тастау мұндай істерді қарау барысын қысқартып, материалдық шығынды өтеу тәртібін жеңілдетеді. Статистика бойынша, 2020 жылы 610-бапқа сай 76 994 іс қаралса, соның 2929-ында ғана (3.8 %) жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды. Қалған 74 036 жағдай (96 %) айыппұл төлеумен шешілді.
Сондай-ақ 610-баптың 2-бөлігі әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде азамат әрекетті қайталаса немесе жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірген жол апатына себепкер болса, 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 9 айға көлік жүргізу құқығынан айыру көзделеді деп түзетіледі.
Нашар жол үшін айыппұл
Жолдарда жұмыс жүргізу, жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да жол құрылысжайларын күтiп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін құрылысшылар мен шенділер қатаң жазаға тартылады. Ережені бір жылда қайталап бұзған лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне — 20, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне — 25, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне 40 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады. Бұл үшін Әкімшілік кодекстің 631-бабында жаңадан 3-тармақ қосылады.
Сонымен қатар кодекстегі бірнеше бапта "арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы" терминін "сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралы" деп ауыстырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға негіз болатын тізімді кеңейту ұсынылды. Демек фото және бейнежазбадан бөлек көлікті бақылау қызметінде қолданылатын құрылғылардың көрсеткіші бойынша да айыппұл салынуы мүмкін.