ҚР Қорғаныс министрлігі жарылыс болған Байзақ ауданындағы мейрамхана ауласындағы снарядтардың сырты мен оқсауыттар түсірілген видеоға қатысты түсіндірме берді. Бейнеролик әлеуметтік желілерде жарияланған болатын, деп хабарлайды zakon.kz.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, пайдалануға жарамсыз оқ-дәрілерді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомстволық ұйымы "Қазтехнология" акционерлік қоғамына береді. "Қазтехнология" АҚ ұйымы олардың құрамындағы жарылыс қаупі бар заттарды алып, оны жоя отырып, өндірісте кәдеге жарату процесін жүргізеді.
Оқ-дәрілердің сынықтары осындай үрдістен кейін ғана gosreestr.kz электрондық сауда алаңы арқылы сатуға қойылады.
Видеода көрсетілген снарядтардың сырты мен оқсауыты – бұл оқ-дәрілерді кәдеге жаратқаннан кейін алынған және электрондық алаңындағы сауда арқылы жеке кәсіпорынға сатылған металл сынықтары. Олар қоршаған ортаға ешқандай қауіп төндірмейді. Өндірістік база "Бақтияр-Group" ЖШС-ға тиесілі екені тексеру барысында анықталды. Оның аумағында қара металл сынықтары (күйдірілген металл, болат және шойын металл) сақталған. Аталған металды "Бақтияр-Group" ЖШС 2021 жылы 30 наурызда Түркістан облысы, Арыс қаласында "Қазтехнология" АҚ-ның металл сынықтары қоймасымен жасалған шарт негізінде сатып алған. делінеді хабарламада.
"Бақтияр-Group" ЖШС хабарламаға сәйкес заңды мекенжайы: ҚР, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында тіркелген. Бұл ұйымның түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, өңдеу және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы лицензиясы бар.
26 тамызда өрт шыққан Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрілер қоймасында мұндай оқ-дәрілер сақталмағанын айта кеткен жөн.