"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы мен Еуропалық қайта құру және даму банкі "Қызылорда-Жезқазған" автомобиль жолын реконструкциялау жобасын іске асыруда ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды zakon.kz.
Қол қою рәсімі "Қазақстанның көлік және муниципалдық инфрақұрылымындағы сын-қатерлер мен цифрландыру мүмкіндіктері" дөңгелек үстелі аясында өтті. Оған ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы Асқар Мұратұлы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы әкімдіктерінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жол инфрақұрылымның мәселелері мен перспективалары және жол активтерінің жұмысын оңтайландыру үшін цифрлық технологияларды пайдалану талқыға салынды.
Вице-министр Берік Камалиев дөңгелек үстелге қатысушылармен амандасып, ИИДМ мен ЕҚДБ арасындағы жемісті ынтымақтастықты атап өтті.
Тараптар бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды табысты іске асыруда. Олардың бірі – жалпы ұзындығы 427 шақырым болатын "Қызылорда-Жезқазған" жобасы болмақ. Еуропалық қайта құру және даму банкі Қызылорда облысының аумағы арқылы өтетін 219 шақырым автожолды реконструкциялауды қаржыландырады.
Айта кету керек, "Қызылорда-Жезқазған" жолы өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған және бүгінгі күнге дейін күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Жобаны жүзеге асыру өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, өткізу қабілетін тәулігіне 7 мың автокөлікке дейін ұлғайтуға, сондай-ақ жобада 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың соңында бастау жоспарланған. Реконструкциядан кейін жол 2 жолақты қозғалысы бар екінші техникалық санатты болмақ.