Танымал болдым мінекей, желіде жазба қалдырып. Түрлі мәселеге үн қатып, күнделікті оқиғаларға пікіріңді білдіру қазір түк емес. Әлеуметтік желіден аккаунт ашып, "ақылды" болсаң жеткілікті. Ойды ашық жеткізу деп опық жеп, олақ жазатындар да бар. Сөз бостандығын балағат сөздермен шатастырып, жұрттың жеке басына өтетіндер өмірде қандай? Әлде олар виртуал әлемде ғана "батыр" ма? Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.
Бүгінде әлеуметтік желі әжептәуір күшке айналды. Ел-жұрт кез-келген тақырыпта, тіпті елдің саяси өміріне қатысты көзқарастарын білдіріп, пікірін еркін жеткізе алатын болды. Алайда бұл тұста желі әдебіне бағынбайтын бейәдеп сөздер қоса жүреді. Бұл туралы медиа және кино зерттеушісі Молдияр Ергебеков өз парақшасында былай деп пікір білдірді.
Әрбір медиа әлеуметтік медиа парақшасында оқырмандары үшін коммент жазудың этикалық ережелерін қалыптастырып, парақшаларының профиліне іліп қоюы керек. Оқырмандарының ғадауатқа толы комменттерін еш ойланбастан өшіріп отырулары керек. Осылайша кибербулингтің де алдын алуға болады.
Бейәдеп сөздер қолданылған комменттерге назар аудармау әлеуметтік жауапкершілікке мән бермеу деп қоса кетті. Ал әлеуметтанушы Рамазан Сәттарұлы "Қоғам біртұтас, оны шынайы және виртуалды деп бөлуге болмайды, сақталатын әдеп те бір" дейді.
Рамазан Сәттарұлы, әлеуметтанушы:
Сіз қалай әлеуметтік шындықты, шынайы өмірде бір нормамен өмір сүресіз де, ана жаққа басқа норманы алып барасыз? Екеуі бейнеленуі, ақпараттың жүктелуі немесе ақпаратты тұтынудың белгілі бір форматтары бар. Бірақ ол жерде бәрібір мораль нормалары мен әдеп принциптері адамдарың арасындай болуы керек, болғаны жөн.
Мақпал Мыса деген атпен ақын боп танылып, кейін депутат болған Мақпал Тәжмағамбетова әлеуметтік желідегі әдепсіздік қоғамның үлкен дертіне айналды деп есептейді. Өзіне айтылатын, жазылатын елдің кейбір пікірі де мәжілісменнің көңіліне тиеді екен.
Мақпал Тәжмағамбетова, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
Депутаттық мінберге көтерілгеннен кейін саған тұлға ретінде қарайды, депутат ретінде не бітіреді, нені қояды, нені шешеді деген сыни көзқараспен қарайды. Бұл орынды деп ойлаймын. Бірақ сол мәселеге қатысты турасын емес, жеке басыңа өтіп, ар-намысыңа, отбасыңа, жақын адамдарыңа тіл тигізіп жатады. Бұл енді артық әрине.
Депутат заң тұрғысында әлеуметтік желідегі әдеп нормаларына нақты реттеулерді енгізу керектігіне баса мән беріп отыр. Өйткені..
Мақпал Тәжмағамбетова, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
Әлеуметтік желіге қатысты әдепті сақтау үшін, адам мен адам арасындағы мәдениетті бұзбау үшін, еркінсу деген есіру емес екенін түсіну үшін.
Біз әлеуметтік желідегі ғадауат тілді жандардың психологиялық портретінің қандай болатынын психолог маманмен бірге талқылап көрдік.
Ақгүл Төлеуханқызы, психолог:
Қандай адам мұны жасап тұр? Көбінесе ұялған, жан деңгейінде өзін әлсіз сезінетін, өзіне сенімділігі төмен адамдар, осы бір өзін әлсіз сезіну деген сезімінен алыстату үшін, оны өзгеге беруді көздейді.
Адамның жеке басына, нәсіліне, ұлтына тиісуге болмайды. Қазақстанда заңмен тыйым салынған. Алайда әлеуметтік желінің тәртібіне қатысты нақты норма жоқ. Дегенмен, интернет әлеміндегі айқас, ауыр сөздер кибербулингге ұласуы мүмкін.