Неміс инвесторлары Маңғыстау облысында "жасыл" сутегі өндірісін жолға қоймақ. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров бастаған қазақстандық делегацияның Швецияға сапары аясында ұйымдастырылған "SVEVIND" неміс компаниясының Президенті Вольфганг Кропппен кездесу барысында жобаны іске асырудың Жол картасына қол қойылды.
"SVEVIND" компаниясының қызметі "жасыл" сутегінің ауқымды өндірісі арқылы Қазақстан Республикасында төмен көміртекті энергетиканы одан әрі дамыту шеңберінде тартылатын ресурстарды ұзақ мерзімді инвестициялауға және оны ЕО елдеріне одан әрі экспорттауға бағытталған.
Инвестор қуаттылығы 30 ГВт болатын жел және күн электр станцияларын салуды және осы ресурстар есебінен жылына 2 млн тоннаға дейін сутегі өндіруді жоспарлап отыр.
"Біздің компания Қазақстанның табиғи ресурстарын біріктіру арқылы Қазақстан мен Еуразияны экологиялық таза, тұрақты энергиямен қамтамасыз ету бойынша жобаларды әзірлеуге ұмтылады. Жобаны іске асыру Қазақстанды жаңартылатын энергия көздері саласындағы әлемдік көшбасшылар қатарына шығармақ. Жобаны әрі қарай дамытуда келесі қадамдардың бірін жасағанымызға өте қуаныштымыз және Қазақстан үкіметіне көрсеткен қолдауы үшін үлкен алғысымызды білдіреміз", - деп атап өтті "SVEVIND" Президенті Вольфганг Кропп.
"Сутегі энергетикасы болашақта энергияны өндірудің барлық дәстүрлі әдістерін ығыстыра алатын әлеуетті салалардың бірі. Қазіргі уақытта бізде жел, күн, су, жер, сондай-ақ стратегиялық инвестор саналатын "SVEVIND" компаниясымен ноу-хау сияқты барлық қажетті ресурстарға қолжетімділік бар. Алда бізді қызықты, ауқымды және күрделі жобалар күтіп тұр", - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров "SVEVIND" компаниясының басшысымен кездесу барысында.
Сондай-ақ сапар аясында компанияның Швециядағы қолданыстағы жобасы мен Еуропадағы ең ірі жел паркі "Markbygden 1101" автокөлігін аралау жүргізілді.
Ағымдағы жылдың маусым айында "SVEVIND" компаниясы "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ-мен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Құжат шеңберінде ұлттық компания тарапынан инвесторларға тиісті мемлекеттік органдар тарапынан рұқсат беру құжаттамасын алудан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңдерде толық қолдау және жобаны іске асыруда жан - жақты көмек көрсетілетін болады.
Анықтама: "SVEVIND" жаңартылатын энергия көздерінің ірі ауқымды жобаларын іске асыруда көп жылдық тәжірибесі бар неміс компаниясы. Компания Еуропадағы жерүсті жел генерациялайтын кешенінің ірі жобасын - Швециядағы қуаты 4 ГВт астам "Markbygden 1101" жел парктерінің кластерін іске асырды. ЖЭК саласындағы көп жылдық тәжірибесі бар компания нарықта сенімді бәсекелестікк ие, сондай-ақ Швеция, Финляндия және Германия нарықтарында ұсынылған.