WKF каратэден ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды zakon.kz.
Әйелдер арасындағы командалық ката бойынша Батыс Қазақстан облысының каратэшілері үздік атанды. Ал жеке катада Лия Қошқарбаеваға тең келгендер болмады.
Ал ерлер арасындағы командалық катада Қызылорда облысынан келген Ердос Кенжалиев, Данияр Серіков және Ғабиден Ұрынбаев көш бастады. Жеке есепте Түркістан облысынан келген Мәди Катешов үздік деп танылды.
Біріншілікте 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші орынды Андрей Ақтауов (Ақтөбе облысы) иеленсе, 68 келіге дейінгі салмақта Азиа ойындарының екі дүркін алтын жүлдегері Гузалия Гафуроваға (Жамбыл облысы) тең түскендер болмады. Екеуі де Азия ойындарының жеңімпазы болғанын айта кетейік.
Қызылордалық Мөлдір Жамбырбай (55 келіге дейін) жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар, Нұрқанат Ажықанов (Ақтөбе облысы) 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанды.
Жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орын Маңғыстау облысында, екінші орын Түркістан облысы, ал үздік үштікті Қызылорда облысынан келген спортшылар қорытындылады.
Дайана Тоқберген