Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов пандемия мен демографиялық ахуал еңбек нарығына жаңа өзгерістер енгізгенін айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Біріншіден, жұмысқа қойылатын талаптар тез өзгеріп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, алдағы бес жылда жұмысқа қажетті негізгі дағдылардың 40%-ы өзгереді. Әрбір екінші қызметкерді қайта даярлау қажеттілігі туындайды, - деді министр Үкімет отырысында.
Екіншіден, демографиялық тәуекелдер бар. Мысалы, өнеркәсіп саласында кадрлар қартайып барады. Бұл салада жастардың 20%-ы ғана жұмыс істейді.
Үшіншіден, жұмыстың жаңа форматы. Қазіргі уақытта еркін табыс экономикасы немесе гиг-экономика, фрилансерлер қарқынды дамып жатыр. Олардың қызметін заңнамалық реттеу және еңбек құқықтарын қорғау жөнінде шаралар қабылдау қажет, - деп атап өтті Шапкенов.
Осыған байланысты министрлік "Кәсіби біліктілік туралы" заң жобасы, әлеуметтік кодекс жобасы шеңберінде Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту бойынша бірқатар бастамаларды ұсынды. Бұл бағытта электрондық еңбек биржасы базасында оқу порталын дамыту және кәсіптік бағдарлау бойынша электрондық сервистерді құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін еңбек министрлігінің басшысы пандемия басталғаннан бері өнімсіз жұмыспен қамтылғандар саны 7,4%-ға дейін төмендегенін айтқан болатын. Жұмыссыздық 4,9 пайызды құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызға дейін төмендеді.
Дайана Тоқберген