СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы құрамындағы Процессингтік орталықтың қызметкерлері Қазақстан Республикасына Армения мемлекетінен әкелінген көліктердің иелеріне Ішкі істер министрлігінде тіркеуден өткізу қажет екенін еске салуда, деп хабарлайды zakon.kz.
Жеке түсіндірулер, call-орталық телефондары, әлеуметтік желілердегі полицияның аккаунттары – әкімшілік полицейлер әр адамға кеңес беріп, ашық диалог жүргізуге дайын. Соңғы уақытта жиі қойылатын сұрақтардың бірі – шетелдік есепте тұрған автокөліктерді, Армения Республикасынан кіргізілген көліктерді тіркеу. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысына бұндай 500-ден астам көлік құралдары енген. Олардың 450-ден астамы тіркелген. Полицейлер өзге көліктердің иелеріне де тіркеуден өтуге кеңес береді.
"Облыс аумағында Қазақстан Республикасына Армения елінен әкелінген көлік құралдарын тіркеу жалғасып жатқанын естеріңізге саламыз. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 мамырдағы № 306 қаулысына сәйкес көлік құралдарын тіркеу 2022 жылдың 1 наурызына дейін жүргізіледі. Армения Республикасынан әкелінген автомашиналарды тіркеу жөніндегі мемлекеттік қызметтерді алу үшін Петропавл қаласындағы Нефтепроводная көшесі, 7 мекенжайындағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады", - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Серік Әлжанов.
Тіркеуден өту үшін көлік иелерінің бірқатар құжаттары болуы қажет: жеке куәлік, мемлекеттік тіркеу үшін алымды төлеу туралы құжаттар, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, Армения Республикасының өкілетті органында берілген мемлекеттік нөмірлері және тағы басқалары. Солтүстікқазақстандықтар қажетті құжаттар, сондай-ақ көлік құралын тіркеумен байланысты басқа да сұрақтар жайлы толығырақ ақпаратты Петропавл қаласында 61-25-52 нөмірі және Процессингтік орталықтың "қауырт желісінің" 8(715-2) 32-00-19, 8(715-2)-32-00-22 нөмірлері арқылы алуына болады. Бұдан бөлек, Әкімшілік полиция басқармасына Instagram әлеуметтік желісінде @police_uap_dp_sko мекенжайы арқылы жүгінуге болады.