Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Российская газета" басылымында жариялаған мақаласында Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндерге ксенофобиялық көзқарас барын айтты.
"Өкінішке қарай, кейінгі кезде Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндерге қатысты бірқатар резонансты ксенофобия көрінісіне куә болдық. Көп жағдайда жекелеген жағдайлар шет аймақтағы ұлтшылдық пен Ресеймен қарым-қатынасты қолдамауға бағытталған арнайы ақпараттық әдіс-тәсілдің нәтижесі", – деп атап өтті Лавров "Ресей мен Қазақстан: шекарасыз әріптестік" атты мақаласында.
Оның пікірінше, "Нұр-Сұлтанмен екіжақты қарым-қатынас деңгейі әрбір алаңдатарлық жағдай бойынша дереу ортақ шара қолдануға мүмкіндік береді".
"Ол үшін СІМ, құқық қорғау және әділет органдары, сонымен бірге президент әкімшілігі арқылы тікелей коммуникация арналарын пайдаланамыз. Екі елдің үкіметтік емес секторлары, сараптамалық және журналистік қауымдастықтар арасында қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деді Лавров.
Мақалада екі ел қарым-қатынасының ұзақ тарихы, әріптестік жөнінде баяндалған.
Кейінгі айларда Ресейде Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар және орыс халқының жағдайы туралы әртүрлі деңгейдегі талқылаулар күшейген. Олардың көбі негативті сипатқа ие. Кей сарапшылар Ресей тарапынан айтылған талаптардың саяси астары барын және оның Қазақстандағы орыс халқының құқығын қорғауға еш қатысы жоғын айтады. Нұр-Сұлтанның Ресейде айтылған мәлімдемелерге реакциясы қазақстандықтардың наразылығын туғызып, сынның астында қалған.