Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы, яғни 14 000 жұп сәби сүйе алмайды. Бұл мәселені шешу үшін үкімет ағымдағы жылдан бастап ЭКО жасатуға арнайы квота бөліп отыр.
Мәселен биыл 7000 жұп тегін экстракорпоралды ұрықтандыру квотасына ие болды. Алайда отандық репродуктолог дәрігерлер бір перзентке зар болғандар ЭКО жасатудан секем алғанын айтып дабыл қағуда.
Өйткені кейбір ерлі-зайыптылар әйелдің жатырына өздерінің емес өзгенің ұрығы салынады деп қорқады екен. Бұған қатысты репродуктолог дәрігер Мөлдір Бешентай бүй дейді.
Көптеген баласыз әйелдер ерлерінің ЭКО-ға сенбейтінін айтып жатады. Басқа біреудің ұрығын салады екен деп келеді. Айналайын-ау, тегін жатқан ұрық жоқ. Барлығы заңмен қорғалған. Біреудің ұрығын салып сотталып кететін жағдай жоқ. Себебі ертең бала өмірге келген соң ол тексерілмей ме? Сосын айтады, ЭКО-дан туылған баланың баласы болмайды екен деп. Оның барлығы аңыз. Мен айтамын неге дәрігердің емес елдің айтқанына сенесіздер деп. Осыны баласыз ерлі-зайыптыларға түсіндіре алмай келеміз.
Сонымен қатар репродуктолог дәрігер елде 30-дан асса да тұрмыс құрмаған қыздарға ЭКО арқылы бала сүю бақытын сыйлау мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын жеткізді. Ал, елде сәби сүйе алмай жүрген отбасылар үшін жасанды ұрықтандыру қолжетімді. Бұл туралы толығырақ "Айна" хабарынан біле аласыз: