Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде бірінші кезектегі міндет – азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін, олардың дүкендер мен базарлардың сөрелерінде жеткілікті болуын қамтамасыз ету. Осы бағытта Жоспарда көзделген іс-шаралар егіс алқаптарын әртараптандыру, мал шаруашылығын кешенді дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, сақтау және логистика инфрақұрылымын дамыту есебінен жүзеге асырылатын ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайтуға бағытталған.
ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, нарықты азық-түлікпен толықтыру шаралары азық-түлік өндірісі мен тұтыну теңгерімін ескере отырып жүргізілуі тиіс.
«Бағаны реттеудің қолданыстағы механизмдерінің тиімділігін бағалау керек. Сондай-ақ бағаларды әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын адрестік қолдауға көшу үшін ұсыныстар дайындау қажет. Бағаларды әкімшілік механизмдермен ұстап тұру нарықтық тәсілдерге жатпайтынын білеміз, сондықтан бағаларды тұрақтандырудың басқа да әдістерін қолдану қажет», — деді Ә. Смайылов.
Сонымен бірге, Жоспар аясында форвардтық жеткізулер жүйесін дамыта отырып, АӨК және сауда субъектілерінің арасында ұзақ мерзімді тұрақты шаруашылық байланыстарды орнату шараларын да қарастыру керек.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шығарылатын тамақ өнімдерінің сапасы да маңызды орын алады. Бұл бағытта ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау, тамақ өнімдерін сертификаттау жұмыстарын жетілдірудің маңызы зор. Ә. Смайылов сондай-ақ аграрлық ғылымды дамыту қажет екенін атап өтті.
«Ғылыми зерттеу процестерінің интеграциясын, кадр дайындау және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуді қамтамасыз ету керек. Бұл үшін Жоспарда аграрлық университеттер базасында құрамына аграралық ғылыми институттар мен тәжірибелік шаруашылықтарды қоса отырып, зерттеу орталықтарын құру бойынша нақты міндеттерді қарастыру қажет», — деді ҚР Премьер-Министрі.