Мәжіліс сайлауына түсіп жатқан саяси партиялар өкілдерінің дебаты басталды

Qazaqstan телеарнасының "Ашық алаң" студиясында "Пікірсайыс. Сайлау-2023" тақырыбында Мәжіліс сайлауына түсіп жатқан саяси партиялар өкілдерінің дебаты басталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Пікірталасқа қатысушылар: AMANAT саяси партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев, "Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев, "Respublica" партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау, Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков, "Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев, "Ақ Жол" партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсенбинов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев.

Ортаға ортақ сауал тасталды. Оған екі минуттан әр партия өкілі жауап беруі тиіс.

"Үгіт-насихат науқанының басталғанына 10 күннен аса уақыт өтті. Ел-елді аралап, қалың қауыммен кездестіңіздер. Жалпы, Сіздің партия халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешу үшін қандай ұсыныстарды алға тартады?".

Сауалға бірінші болып AMANAT саяси партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев жауап қатты:


"Ардайықты, ағайын! Бүгінгі "Алғыс айту күнімен" баршаңызды құттықтаймын! Біз өңір-өңірді аралап, 1 миллионнан астам адаммен тікелей кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап қайттық. Көбіне, тіркелген мәселе - қымбатшылық, жұмыссыздық және тағы басқасы. Әрине, бұл мәселер бізде бар. Әрі оны AMANAT партиясы шешуге қауқарлы деп санаймын. Бұл мәселелердің барлығы партия бағдарламасында бүге-шігесіне дейін қамтылған".

Сондай-ақ ол Президеніт Қасым-Жомарт Кемелұлының "Әділетті Қазақстан құру" бағдарламасы аясында шешілуі тиіс нақты мәселелерге де тоқталды. 

"Жастарға мүмкіндік береміз. Шәкіртақыны екі есе арттырамыз. Жатақхана мәселесін толыққанды шешеміз. Азаматтарға әлеуметтік көмек 2,5 есеге артатын болады. Әрбір азаматтың, оның ішінде ауыр өнеркәсіпте жүрген азаматтардың зейнет жасын төмендетуге атсалысамыз. Қазақстанда әрбір бала бақытты болуы тиіс. Сәбилеріміз 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз етілуі қажет. Апатты жағдайдағы, үш ауысымды мектептерді түбегейлі жоюымыз керек. Мұнан бөлек, жастарға жаңа мүмкіндіктер береміз. Біріншіден, 1,5 млн жасты жұмыспен қамтимыз. Екіншіден, студенттік шәкіртақыны 2 есеге арттырамыз. Жастардың жатақхана мәселесін түбегейлі шешеміз. Жастарға мүмкіндігінше көмек көрсетеміз".Елнұр Бейсенбаев


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: