Министрліктің хабарламасында осыдан үш жыл бұрын біздің өмірімізде аса үлкен өзгеріс болғаны айтылады. Мәжбүрлі қашықтан оқыту кезеңі білімнің сапасы мен көлеміне, балалардың эмоционалдық жағдайына айтарлықтай кері әсер етті. Мұны халықаралық зерттеулер де дәлелдеп отыр. Білім саласындағы олқылықтардың орнын толтыру, білім жүйесін күшейту үшін, оқушылардың мүддесін қорғай отырып, салаға түзету енгізу қаже болды.
"2021-2022 оқу жылындағы осындай шешімдердің бірі оқу жылын 36 аптаға дейін ұзарту болды. Бұл шешім бірден қабылданбады, ол үш жыл бойы зерделенді. 2022 жылдың тамыз айында МЖБС, оқу бағдарламасы мен үлгілік оқу жоспарлары бекітілді. ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі, ОБК, әдістемелік кабинеттер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нұсқаулық әдістемелік хаттар жолдады. Бұдан бұрын да хабарланғандай, оқушылардың ата-аналарынан бес күндік оқу аптасына көшіру туралы өтініштер түскен еді. Тиісінше, ұсыныс сарапшылар қауымдастығымен келісіле отырып, барлық сенбілік сабақтар қалған бес күнге ауыстырылды, оқу бағдарламаларына өзгеріс енгізілді. Осылайша, мектептерде оқу жылын 31 мамырға дейін ұзарту оқушылардың күнделікті оқу жүктемесін азайтты", - делінген министрлік хабарламасында.
Оқу-ағарту министрлігі "Оқу жылының ұзақтығын созғанымызбен, салыстырмалы түрде біздің елде демалыс кезеңі ең ұзақ болып қалып отыр" деп түсіндірді. Жаз мезгіліндегі демалыстың ұзақтығы 13 аптадан асады. Ал алдыңғы қатарлы елдерде жазғы демалыс кезеңі 7-9 аптадан да аз.
"Құрметті педагогтер, ата-аналар, қымбатты оқушылар! Оқу-ағарту министрлігі тұрақты негізде әлеуметтік желіге мониторинг жүргізіп келеді. Министрлікке оқу жылының аяқталу мерзімін қайта қарау туралы өтініштер келіп түсіп жатыр. Осыны ескере отырып, осы оқу жылы кезеңінде сарапшылардан құралған комиссия сараптама жүргізгенін, оның қорытындысын шығару толық оқу циклін, яғни 36 аптаны аяқтауды талап ететінін атап өткім келеді", - деп хабарлады министрлік.
Жаңашылдықтарды енгізуге байланысты білім сапасы бағаланып, оқушылардың білім нәтижесі салыстырылып жатыр. Комиссия бұл мәселені толыққанды зерделейді.
"Түбегейлі шешімді сарапшылар қауымдастығы ғана қабылдай алады және ол бірінші кезекте балаларымыздың мүддесін көздейді", - деп түйіндеді Оқу-ағарту министрлігі.