Қазақстан президенті алдағы қыркүйек айында Германияға сапары туралы оптимистік көзқараспен айтып, неміс әріптесінің Маңғыстауға барғысы келетінін жоғары бағалады.
"Менің түсінгенім бойынша, сіз теңіз портына барасыз. Менің премьер-министрім Әлихан Смайылов сізді Маңғыстауға алып барады. Қазақстанға тағы да қош келдіңіз. Мен де делегацияларыңыздың мүшелеріне алғысымды білдіргім келеді. Біздің елімізге қош келдіңіз", - деді Қасым Жомарт-Тоқаев.
Өз кезегінде Франк-Вальтер Штайнмайер Германия Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын айтты. Өлім жазасын алып тастау және Конституциялық соттың қызметін қалпына келтіру туралы оң пікір білдірді.
"Бұл сіздің бүкіл әлемге, Қазақстан халқына жариялаған бағытыңызды ұстанып жатқаныңызды растайды. Сіз бұл туралы президент қызметіне кіріскен кезде айттыңыз. Біз Германия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, жалғастыруға мүдделіміз. Алдымызда көптеген міндет бар. Сыртқы саясат болсын, климаттың өзгеруіне қарсы күрес болсын. Екі елдің ортақ қызығушылықтары көп. Біраз салада ынтымақтаса аламыз. Қазақстанда екі күн боламын, осы уақытта біраз диалог құруға дайынмын. Сонымен қатар мен сізді қыркүйекте Германияда асыға күтемін. Сізге көп рақмет айтамын және айтқандарыңызбен келісемін", - деді Германияның федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер келіссөз барысында.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Тет-а-тет форматындағы келіссөздер достық рухында өтті және конструктивті әрі мазмұнды болды. Екіжақты экономикалық күн тәртібінің бірқатар бағыты бойынша ынтымақтастықты арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.