Азат Перуашевтың сөзінше, үкімет есебінде бюджет кірістері артығымен орындалды деп отыр. Оның негізінде салық түсімдерінің 42%-ке және уақытша тартылған қаржының 13%-ке артуы жатыр.
"Өкінішке қарай, кәсіпкерлер бұл терминдердің астарында не жасырылғанын жақсы біледі. Үкімет кез-келген мінбеден бизнеске тексеру мен қысымды азайтып жатқанын мақтанып айтып отыр. Ал шын мәнінде жағдай мүлдем басқа. 2022 жылы мемлекеттік кірістер органдары 20 мың салықтық тексеру жүргізді. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 24% артық. Кәсіпкерлерге 677 млрд теңгеге қосымша салық салынды. Бұл алдыңғы жылдан 2,5 есе артық". Азат Перуашев
"Ең сорақысы - қарапайым табысы бар кәсіпорындар қысымға ұшырап, ал жөнсіз жоғары табысты секторлар «тиісуге болмайтын» болып қалды" дейді депутат.
"Банктерге түсетін салық салмағы - оларға бүкіл экономика, яғни, мемлекет, бизнес пен халық төлейтініне қарамастан, небәрі 2-ден 5-ақ процентке дейін құрайды. Пандемия кезінде де, экономика әлсіреген тұста, банктердің кірісі тек өскен еді. Олардың бюджетке қосқан үлесі өнеркәсіптің, құрылыстың немесе көлік саласы үлесінен аз, тіпті кәсіби және ғылыми қызметтен де кем. Ал банкир мен ұстаздың табыстарын салыстырып көріңіз. Уақытша тартылған қаржының ұлғаюына келсек, бұл шын мәнінде бюджет үшін табыс емес, қарыз екенін түсіну керек. Мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны ішкі өнім өсімінен әлдеқайда жоғары. Осылайша, бір жылда мемлекеттік қарыз 18% өсті. Кейінгі 10 жылда сыртқы қарыз 7 есе өсті. Қарызға байланысты шығындарының жүктемесі 9 есе өсті. «Ақ жол» фракциясы мұндай әдетті қолдауға әрине қарсымыз". Азат Перуашев
"Ақ жол" партиясының фракциясы үкіметпен неге келіспейтінін негізгі себептер арқылы атады:
- Бірінші себеп - Кірістердегі күмәнді жетістіктер.
- Екінші себеп – бюджетті жоспарлауға жауапсыздық.
- Үшінші себеп – мұнайдан тыс бюджет тапшылығының артуы.
- Төртінші себеп – Ұлттық қорды талан-таражға салу.
- Бесінші себеп – квазимемлекеттік сектордың масылдық рөлі.
"2022 жылға арналған республикалық бюджет қабылданғаннан кейін соған 8 рет түзету енгізілген. Сонда да 162 млрд теңгеге 2 түзету орындалмай қалды. Мұндай жауапсыздық - бюджеттік тәртіптің күйреуі деп санаймыз. Жеке компанияда мұндай «жоспарлау» үшін жауапты менеджмент жұмыстан шығып кетер еді. Сонымен қатар үкімет Ұлттық қордан бөлінген қаражатты стратегиялық мақсаттардың орнына ағымдағы күн көріске - зейнетақы, әлеуметтік шығындарды төлеуге, тіпті несиеге жұмсалып отыр", - деді депутат.
Партия 2020 жылы мемлекет басшысы ұлттық компаниялардың табысының 100%-ын бюджетке аудару туралы тапсырмасын еске салды. Бірақ партияның дерегінше, іс жүзінде 12% ғана түскен. Ал «Самұрық-Қазына» қоры былтыр 1 триллион 600 миллиард теңге тапқан кірістен, - бюджетке 170-ақ миллиард теңге, яғни 10% ғана дивиденд төледі.
"Түсінесіздер ме? Мемлекет холдингтер мен ұлттық компанияларға триллиондап қаражат бөлсе, ал олар бюджетке 6 есе аз қайтарып жатыр. Қалған триллиондарды үкімет пен ұлттық компаниялар өз қалауы бойынша, парламентке көрсетпей жұмсап отыр. Ал сонда «ықпалды парламент» пен «есеп беретін үкімет» қайда? Жоғарыда айтқанымды ескере отырып, «Ақ жол» демпартиясы үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы есебін қолдамайды және де соған қарсы дауыс береді", - деді депутат Азат Перуашев