Игерілмеген грантты әлеуметтік осал топтың балаларына неге бермейміз – депутат

Депутат Гауһар Танашева Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға көп балалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы балалары үшін білім грантын ұлғайту мәселесі туралы сауал жолдады.

Мысал ретінде ол Қытай елін алды. Оның сөзінше, Қытай "Кедейлікті жоюға бағытталған іс-әрекет және Қытайдағы адам құқығының прогресі" атты бағдарламасын қарастырып, бірінші ретте тегін жоғары білімді енгізген. Нәтижесінде аз уақытта кедей аймақтардан жетекші жоғары оқу орындарына түскен ауыл оқушыларының саны артқан.

"Осы шараларды елімізде неге қабылдап, жүзеге асырмасқа?! Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, білім беру гранттарының саны жыл сайын артып келеді және гранттар ҰБТ нәтижесі бойынша беріледі. Оған қоса білім грантын бөлгенде азаматтардың әлеуметтік осал санаты үшін квота қарастырылған. Көпбалалы немесе толық емес отбасылардың балалары, ерекше қажеттігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасындағы үміткерлердің грант алуға мүмкіндіктері жоғары". Гауһар Танашева

Депутат келтірген дерекке сай, 2022-2023 оқу жылына бөлінген 73 061 мемлекеттік гранттың 15 029 игерілмей қалды. Игерілген гранттар ішінде 2 865 грант көпбалалы отбасындағы балаларға, 1 253 грант толық емес отбасындағы балаларға берілді. Министрліктің мәліметінше, пайдаланылмаған гранттар ҰБТ нәтижесінің төмен көрсеткішіне байланысты.

Дегенмен Гауһар Танашева білім сапасының төмендігі үшін оқушыларды кінәлауға болмайды деп есептейді. Сондықтан ол балаларды одан әрі орта немесе жоғары білім алу құқығынан айырмауға тиіспіз деп отыр.

"Бұл гранттарды министрлік ҰБТ-дан төмен балл алып қалған, бірақ оқуға және жоғары білім алуға деген ынтасы бар халықтың әлеуметтік осал топтары арасында бөліп беру жолын неге қарастырылмаған? Көпбалалы отбасындағы ең болмағанда бір бала жоғары оқу орнына түсіп, жақсы білім алып, болашақта жоғары жалақы алатын жұмысқа орналасып жатса, артынан ерген бауырларына да көмектесіп, аяқтарына нық тұрып, көпбалалы отбасылардың "масыл" деген атағы жойылар еді ғой", - деді депутат.
Қазақстан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: