Қазақстан президентінің пікірінше, бүгінде ШЫҰ жаңару жолына батыл қадам басты. Бұл анағұрлым мол мүмкіндіктерге жол ашады.
"Дамудың жаңа кезеңінде біздің жұмысымыз бұдан былай ескірген тәсілдерге сүйене алмайды. ШЫҰ-ның әлеуетін арттыру жолындағы ортақ істе екіжақты сипаттағы проблемалардан өзімізді мейлінше аулақ ұстап, барлық күш-жігерімізді арадағы уағдаластықтарды жүзеге асыруға жұмылдырған жөн. Халықтарымыздың ұзақмерзімді мүддесі үшін ШЫҰ аясында әрдайым өзара түсіністік, ынтымақтастық ниеті басым тұруға тиіс. Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаңа даму стратегиясын қабылдайтын уақыт келді деп ойлаймын".Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан аталған құжаттың жобасын әзірледі және оны алдағы төрағалық ету кезінде таныстыруды жоспарлап отыр. Жаңа стратегияда өзара ынтымақтастығымыздың анағұрлым перспективті бағыттары бойынша ШЫҰ-ның күн тәртібін кеңейту көзделген.
"Ұйым қызметін одан әрі жетілдіру жаңа сын-қатерлерге тиімді төтеп беріп, ШЫҰ-ны заман талабына бейімдеу үшін маңызды қадам болмақ. Осы мақсатқа қол жеткізуге арналған Қазақстанның ұсыныстарын ескере отырып, Астанада өтетін келесі саммитке дейін ШЫҰ-ның әлеуетін күшейту тұжырымдамасын қабылдауды ұсынамын". Өзге халықаралық ұйымдардың тәжірибесіне сүйене отырып, ШЫҰ жанынан Тұрақты өкілдер кеңесін құру және оларға мемлекеттеріміздің мүддесін қорғау құзыретін беру маңызды деп санаймын", – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміз Ұйымға төрағалық ету кезегін қабыл ала отырып, ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік, бейбітшілік және өркендеу ісін одан әрі нығайта түсу үшін ұйымдағы мәртебесіне қарамастан барлық елмен арадағы белсенді және табысты жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.