Мысалы, Қорғаныс министрлігінің әскерге шақыру бойынша тіркеу науқанын проактивті форматқа ауыстыру жөніндегі жобасы іске асырылды. Бұл азаматтарды әскери комиссариаттарға бару, медициналық куәландырудан өту және жеке іс үшін құжат жинау қажеттілігінен босатады. Сондай-ақ шақыру учаскелеріне тіркелу туралы куәлік алу қажет болмайды. Деректер базасын интеграциялау ел аумағында тұрғылықты жерді өзгертуге байланысты әскери комиссариатқа жүгіну қажеттігінен босатады.
Қаржы министрлігі шекарадағы өткізу бекеттерінде электронды кезек жүйесін енгізді, "E-Salyq Azamat" мобильді қосымшасында "жеке тұлғалар үшін кедендік декларациялау" қызметі іске қосылды.
Әділет министрлігі сенімхат рәсімдеуге және онлайн-форматта нотариус кеңесін алуға мүмкіндік беретін "Е-нотариат" платформасын сәтті іске қосты.
Дипломның түпнұсқа екенін тексеру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім туралы дипломдарға QR-кодтар енгізді.
Кеңес қорытындысы бойынша Ғ. Қойшыбаев азаматтардың ұсыныстары мен ескертулерін ескере отырып, кейбір онлайн-сервистерді әрі қарай пысықтау қажеттігін атап өтті. Оған қоса салалық министрліктер жыл соңына дейін бірқатар цифрлық сервис енгізетін болады.
Жұмыстың маңызын ескере отырып, Төтенше жағдайлар министрлігіне жедел ақпарат алу үшін апаттарды бақылау және болжау платформасын іске қосу тапсырылды.
Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың соңына дейін МӘМС процестерін цифрландыру, еңбекке жарамсыздық парағының қағаздағы нұсқасынан бас тарту, 075/у формасындағы анықтаманы цифрлық форматқа көшіру, скринингтен өту қажеттігі туралы проактивті хабарлап отыру қызметін іске қосу, мекенжай өзгерген кезде медициналық мекемеге автоматты түрде тіркеу қызметін енгізу және т.б. бойынша пилоттық режимде жұмыс жүргізеді.
Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізу үшін мобильді қосымша әзірлеуді жоспарлап отыр. Өз кезегінде Қаржы министрлігі салық есебін қабылдау формасын жеңілдетіп, бұғатталған шоттарды онлайн ашу бойынша сервисті іске қоспақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек шарттарын онлайн режимде жасасу мүмкіндігін әзірлеп жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін коммуналдық қызметтер көрсету бойынша бірыңғай стандарттарға көшу мәселесін пысықтауда.
"Мемлекет басшысы біздің тәсілдерді қолдады. Мұнымен тоқтап қалмай, ілгерілеу керек. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, проактивті форматтарға көшу – Үкімет жұмысының басымдықтарының бірі. Әрбір азамат цифрландырудың нақты әсерін сезінуге тиіс", — деді Ғ. Қойшыбаев.