Kazinform агенттігінің мәлімдеуінше, сыртқы істер министрі Қазақстан тез арада атысты тоқтатуға шақыратынын айтты.
"Елдеріміз бен халықтарымыздың тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз еткіміз келсе, қазіргі геосаяси турбуленттілік пен экономикалық сын-қатер бізден ТМҰ шеңберінде келісілген күш-жігерді талап етеді. Сондықтан еліміз Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылықтың ушығуына қатты алаңдайды. Біз халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастыққа қосыламыз және Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты дереу тоқтатуға шақырамыз", – деді М. Нұртілеу.
Бұған қоса министр Қазақстан БҰҰ Жарғысында және халықаралық құқықта бекітілген құндылықтар мен қағидаттарды берік ұстанып, теңгерімді, көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізуді жалғастыра беретінін атап өтті.
Палестиналық ХАМАС содырлары 2023 жылғы 7 қазанда Израильге шабуыл жасады. Олар бірнеше шекаралық елді мекендерді басып алып, 1,4 мың адамды өлтіріп, тағы көптеген адамды кепілге алды. Израиль қорғаныс күштері содырларды өз аумағынан қуып шығып, Газа секторына күшті соққы беріп, оны қоршауға алды. Палестиналықтар мен Израиль арасындағы бірнеше ондаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан қақтығыс қанды қырғынға айналды. Израиль армиясы қазір Газа секторында құрлық операциясын жүргізіп, ХАМАС-тың жер асты туннельдерін қиратып жатыр. Газа секторы мен Мысыр шекарасында жалғыз өткізу пункті ашылып, бірнеше жүз адам қоршауда қалған анклавтан шығуға мүмкіндік алды.