ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, еліміздің кандидатурасына 118 мемлекет қолдау білдірді.
Қазақстанмен қатар комитет құрамына тағы сегіз жаңа мүше сайланды: Вьетнам, Кения, Корея Республикасы, Ливан, Сенегал, Түркия, Украина және Ямайка.
Дүниежүзілік мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет 1972 жылғы Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұра туралы конвенцияның орындалуына жауапты болып, ЮНЕСКО-ның аса маңызды және ықпалды басқару органдарының бірі болып табылады. Қазақстан аталған органда 2013-2017 жылдары тиімді жұмыс атқарған және оның алдағы қызметіне лайықты үлес қосуға дайын.
21 мемлекеттен құралатын комитет мәдени және табиғи нысандарды Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды, олардың сақталу жағдайына баға береді және Конвенцияға тарап мемлекеттердің болашақ ұрпақтар үшін осы нысандарды қорғау жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсетеді. Комитетке мүше болу Мәдени және табиғи мұраны сақтау жөніндегі 1972 жылғы Конвенцияға тарап мемлекеттердің сараптамалық әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
Дүниежүзілік мұра тізіміне Қазақстан аумағындағы 6 ұлттық және трансшекаралық нысан кіреді: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы петроглифтері, Сары-Арқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері, Жібек жолының Чанъань – Тянь-Шань дәлізінің тораптар желісі, Батыс Тянь-Шань және Тұранның суық қысқы шөлдері.
Бұл оқиғаға қатысты Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин пікір білдірді.
"Еліміздің Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайлануы бірегей мәдени және табиғи мұраларамызды сақтауға қатысты белсенді жұмысымызды халықаралық қауымдастықтың мойындайтынын көрсетеді", деп жазды Қарин Telegram арнасында.
Сондай-ақ бұған дейін ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кеңсесіне Орталық Азия мемлекеттерінен бөлек Ауғанстан, Пәкістан және Иран мемлекеттерін қамтитын Көпсекторлы аймақтық кеңсе (Бюро) мәртебесін беру туралы шешім қабылданған болатын.